2026 жылғы 17 қарашада Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Канаданың Georgian College оқу орнының делегациясымен кездесу өтті. Сапардың негізгі мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру, білікті мамандар даярлау, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту және халықаралық академиялық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылау.
Кездесуге университет тарапынан Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бекболат Рахышұлы Нүсіпбеков, Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Ерболатұлы Қанапьянов, Басқарма мүшесі – әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректор Абай Қобыландыұлы Қалықов, сондай-ақ университеттің құрылымдық бөлімшелері мен факультеттерінің өкілдері қатысты.
Канадалық делегация құрамында Georgian College оқу орнының қаржы және корпоративтік қызметтер жөніндегі вице-президенті Дэвид Джонсон, Georgian Global халықаралық жеке оқыту және консалтинг жөніндегі менеджері Бакри Субра, ECA ұйымының Ұлыбритания және Еуропа бойынша бас директоры Гэвин Даулинг және Cormack Consultancy Group (CCG) қауымдастырылған сарапшысы, кеңесші әрі жергілікті үйлестіруші Ербол Сүлейменов болды.
Кездесу барысында техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері, еңбек нарығының сұранысына сәйкес мамандар даярлау және бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту мәселелері талқыланды.
Университет өкілдері қонақтарға Saginov Technical University-дің білім беру бағыттарын, ғылыми-зерттеу қызметін, мамандар даярлау мүмкіндіктерін және оқу инфрақұрылымын таныстырды.
Кездесу екі оқу орны арасындағы академиялық байланыстарды дамыту, білім беру саласында тәжірибе алмасу және болашақ бірлескен бастамалардың мүмкіндіктерін қарастыру үшін маңызды алаң болды.
Saginov Technical University халықаралық серіктестікті кеңейтуге, білім беру сапасын арттыруға және еңбек нарығының заманауи талаптарына сай бәсекеге қабілетті инженерлік кадрлар даярлауға ерекше мән береді.