SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY КӘСІПТІК БАҒДАР БЕРУ ЖҰМЫСТАРЫН ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА ЖАЛҒАСТЫРДЫ


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Жаңаарқа ауданында Ашық есік күнін өткізді. Кездесуге аудан мектептерінен 300-ге жуық оқушы қатысты. Бұған дейін осындай іс-шаралар Нұра және Осакаров аудандарында ұйымдастырылған болатын.

Университет өкілдері оқушыларға білім беру бағдарламалары, гранттар, жеңілдіктер мен квоталар, шәкіртақы және Ректор гранты туралы ақпарат берді. Сондай-ақ әскери кафедрада оқу, академиялық ұтқырлық, өндірістік практикадан өту және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері таныстырылды. Іс-шара аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, бірқатар мектеппен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.

Айта кетейік, 2026–2027 оқу жылында Ұлытау облысынан 283 талапкер университет студенті атанды. Оның ішінде Жаңаарқа ауданының 20 түлегі мемлекеттік грантпен білім алып жатыр. Аудан талапкерлері арасындағы ҰБТ-ның ең жоғары нәтижесі – 123 балл.

Saginov Technical University өңірлердегі кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жалғастырып, жастардың техникалық білімге қызығушылығын арттыруға бағытталған кездесулерді алдағы уақытта да өткізеді.

 

Без рубрики