10 қыркүйекте Saginov Technical University ректоры Сауле Сагинтаева халықаралық ғылыми жобаларды дамыту жөніндегі сарапшы Brendan Duprey-мен кездесті. Кездесуге Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Канапьянов та қатысты.
Бұл кездесу бір күн бұрын университет факультеттері, ғылыми құрылымдары мен зерттеушілерінің қатысуымен өткен кеңейтілген жұмыс сессиясының жалғасы болды. Тараптар университет ғалымдарының әзірлемелерін халықаралық ғылыми кеңістікке шығару, шетелдік серіктестермен байланысты кеңейту және ғылыми жобаларға сыртқы қаржыландыру тарту жолдарын талқылады.
Сауле Сагинтаева университеттің инженерлік-техникалық кадрлар даярлау мен қолданбалы ғылымды дамытудағы рөліне тоқталды. Орталық Азиядағы жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі ретінде Saginov Technical University білім беру мен ғылыми зерттеулерді өндірістің нақты қажеттіліктерімен ұштастыруға және экономиканың негізгі салалары үшін білікті мамандар даярлауға басымдық береді.
Университеттегі ғылыми зерттеулердің едәуір бөлігі де өндіріс алдында тұрған нақты міндеттерді шешуге бағытталған. Осыған байланысты халықаралық зерттеу жобаларына қатысу, шетелдік университеттермен және ғылыми орталықтармен бірлескен жұмыстарды кеңейту, сондай-ақ өнеркәсіптік серіктестермен ортақ бастамаларды жүзеге асыру алдағы жұмыстың маңызды бағыттарының бірі болмақ.
Brendan Duprey университетте қалыптасқан ғылыми әлеует пен тәжірибені халықаралық серіктестер мен қаржыландыру ұйымдарына түсінікті әрі бәсекеге қабілетті жобаларға айналдыру жолдары жөніндегі көзқарасымен бөлісті. Бұл ретте мүлде жаңа бағыттарды бастау емес, университетте бар ғылыми әзірлемелерді жүйелеп, халықаралық деңгейге шығуға әлеуеті жоғары жобаларды іріктеу маңызды екені айтылды.
Кездесуде алдағы нақты қадамдар да белгіленді. Атап айтқанда, басым ғылыми бағыттарды айқындау, ықтимал шетелдік университеттер мен зерттеу орталықтарын іздеу, халықаралық консорциумдар құру және гранттық қаржыландыруға бірлескен өтінімдер әзірлеу мәселелері қарастырылды.
Ғылыми нәтижелерді тәжірибеге енгізу де бұл жұмыстың маңызды бөлігіне айналмақ. Яғни зерттеу идеялары халықаралық ғылыми жобалар аясында дамытылып қана қоймай, өндірістік пилоттық жобаларда сынақтан өтіп, әлеуеті жоғары әзірлемелерді кейін коммерцияландыруға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Халықаралық сарапшымен жұмыс алдағы уақытта университеттің ғылыми топтары мен құрылымдық бөлімшелері деңгейінде жалғасады. Келесі кезеңдегі негізгі міндет – Saginov Technical University-дің әлеуеті жоғары ғылыми әзірлемелерін анықтап, олардың халықаралық жобаларға қатысуына, жаңа серіктестер табуына және сыртқы қаржыландыру көздеріне шығуына нақты жол қалыптастыру.