Saginov Technical University-ге Әзірбайжан техникалық университетінің делегациясы келді


Saginov Technical University-ге Әзірбайжан техникалық университетінің делегациясы арнайы сапармен келді. Делегация құрамында университет ректоры, профессор Вилаят Валиев, Өнеркәсіптік дизайн және технологиялар институтының директоры, қауымдастырылған профессор Манафаддин Намазов және Қорғаныс технологиялары мен киберқауіпсіздік институтының директоры, PhD Рахид Алакбарли болды.

Қонақтарды Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Басқарма Төрағасы – Ректор Сауле Сагинтаева, Басқарма мүшелері – проректорлар, құрылымдық бөлімшелердің директорлары, факультет декандары мен кафедра меңгерушілері қарсы алды.

Айта кету керек, қос университеттің ректорлары бұған дейін, сәуір айында өткен Қазақстан мен Әзірбайжан жоғары оқу орындары ректорларының форумында кездесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.

Әзірбайжан техникалық университетінің делегациясы Қарағандыға алғаш рет келіп отыр. Осыған байланысты қонақтар Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Канапьянов таныстырған презентациямен үлкен қызығушылықпен танысты. Презентацияда еліміздің ірі индустриялық өңірлерінің бірі саналатын Қарағанды облысы туралы, сондай-ақ еліміздегі жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің қызметі жайлы кеңінен ақпарат берілді.

Қонақтардың айтуынша, олар Қарағанды қаласы мен университет туралы бұған дейін де естіп-білген. Алайда мазмұнды бейнероликпен толықтырылған презентация, білім беру кешендері мен зертханаларға ұйымдастырылған экскурсиялар және ғалымдармен кездесулер өңір мен университет жайлы жан-жақты түсінік қалыптастырды.

Әсіресе, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде өткен жылы университет бюджетінің шамамен төрттен бір бөлігін құраған табыс көлемі, алты диссертациялық кеңестің жұмыс істеуі, сондай-ақ аймақ пен елдің өнеркәсіптік кәсіпорындарымен тығыз байланыс орнатылғаны қонақтарға ерекше әсер қалдырды.

Кездесу барысында Әзірбайжан техникалық университетінің ректоры, профессор Вилаят Валиев екі жоғары оқу орнының даму тұжырымдамалары өзара үндес екенін атап өтті.

– Біздің университеттердің бағыт-бағдары ұқсас. Сондықтан нәтижелі ынтымақтастықты дамытуға барлық мүмкіндік пен жағдай бар, – деді ол.

Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар басталып кеткен. Кездесу барысында ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар талқыланып, қатысушылар тарапынан қолдау тапты.

Екі университет арасындағы серіктестік студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, халықаралық конференциялар мен семинарларды бірге ұйымдастыруға, сондай-ақ тараптар белгілеген өзге де жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Без рубрики