2026–2027 оқу жылында Қазақстан Республикасының шетел азаматтарына арналған мемлекеттік стипендиялық бағдарламасы бойынша Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне 10 шетел азаматы оқуға түсті. Олардың 8-і бакалавриатта, 2-еуі магистратурада білім алады.
Жаңа студенттер әлемнің алты мемлекетінен келген. Бакалавриат бағдарламаларына Палестинадан – 3, Ресей Федерациясынан – 3, Өзбекстаннан – 1 және Индонезиядан – 1 студент қабылданды. Ал магистратурада Бангладеш пен Индонезиядан келген екі студент білімін жалғастырады.
Бұл нәтиже университеттегі халықаралық студенттер географиясының кеңейіп, Қазақстанда техникалық білім алуға қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде шетел азаматтары ақылы негізде ғана емес, мемлекеттік стипендиялық бағдарламалар, үкіметаралық келісімдер және мемлекеттік білім беру гранттары шеңберінде де білім ала алады.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік стипендиялық бағдарлама аясында республика бойынша 550 шетел азаматына грант тағайындалды. Оның 490-ы бакалавриатқа, 50-і магистратураға, 10-ы PhD докторантураға арналған. Бағдарлама 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және шетелдік жастарды Қазақстанның жоғары оқу орындарына тартуға, халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Биылғы конкурсқа деген қызығушылық та жоғары болды. Іріктеуге әлемнің 71 елінен 16 098 үміткер қатысты. Қазақстанның 27 жоғары оқу орны конкурсқа 886 білім беру бағдарламасын ұсынды. Осылайша, бір гранттық орынға орта есеппен 29-дан астам үміткерден келген.
Бағдарлама географиясы да айтарлықтай кеңейді. 2025 жылы оқуға ұсынылғандар арасында 26 мемлекеттің өкілдері болса, биыл стипендия иегерлері 49 елді қамтыды. Ең көп өтінім Палестина, Индонезия, Ресей Федерациясы, Өзбекстан және Ауғанстан азаматтарынан түскен. Ал алғаш рет грант иегерлері қатарынан АҚШ, Италия, Германия, Мальдив Республикасы және Корея Республикасының өкілдері орын алды.
Осы республикалық көрсеткіштер аясында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне Палестина, Индонезия, Ресей, Өзбекстан және Бангладештен келген жастардың оқуға түсуі университеттің халықаралық білім беру байланыстарын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.
Шетелдік студенттердің келуі – білім алушылар құрамының географиясын кеңейтумен қатар, университеттегі академиялық және мәдени ортаның халықаралық сипат алуына ықпал ететін маңызды бағыт. Әртүрлі елдерден келген студенттердің бір білім кеңістігінде оқуы өзара тәжірибе алмасуға, мәдениетаралық қарым-қатынасты дамытуға және жаңа халықаралық байланыстар қалыптастыруға жол ашады.
Мемлекеттік стипендиялық бағдарлама арқылы қабылданған 10 студент енді Saginov Technical University-де білім алып, университеттің халықаралық студенттік қауымдастығына қосылады.