15 мамырда Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-да Қытай университеттеріне студенттерді грант негізінде оқуға түсіруге көмектесуге маманданған LINCA KZ қазақстандық білім беру компаниясының директоры Тамила Шабленова және Гуйчжоу коммуникациялар және политехника университетінің (Guizhou Communications Polytechnic University) делегациясы болды. Делегация құрамында деканның орынбасары, автомобиль инженериясы мектебінің профессоры Сян Вэй; практикалық оқыту бөлімінің бастығы, доцент Ян Пан; әкімшілік бөлім басшысының орынбасары, оқытушы Чжан Ясян; зияткерлік өндіріс мектебінің оқытушысы Лю И; халықаралық білім беру мектебінің оқытушысы Чэн Лэй болды.
Қонақтарға университет басшылығы мен құрылымдық бөлімше жетекшілері таныстырылды. Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Канапьянов университеттің өзара тиімді ынтымақтастық пен перспективалық бағыттарды дамытуға әрдайым ашық екенін атап өтті.
Қонақтардың назарына университеттің 73 жылдық тарихы, білім беру, ғылыми, мәдени өмірі және халықаралық байланыстары қамтылған презентация ұсынылды.
Өз кезегінде қытайлық әріптестер де өз университеттері туралы таныстырылым өткізіп, білім беру жүйесі, құрылымы, орналасуы және мамандар даярлау бағыттары жайлы айтты. Профессор Сян Вэй оқу орнында мамандар даярлау сапасына ерекше мән берілетінін жеткізді.
Гуйчжоу коммуникациялар және политехника университетінің негізгі бағыты – автомобиль жасау, жол және көпір құрылысы салаларына мамандар даярлау. Бұл бағыттар екі университет арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
Кездесу барысында академиялық алмасу, кәсіби стандарттар мен ғылыми технологиялар, жаңа энергетикалық көлік құралдары, қос диплом бағдарламалары және өзге де бірлескен жобалар талқыланды.
Қытайлық оқытушылар студенттерге «Интеллектуалды және қоса тіркелген автомобиль технологиялары», «Көлік құралдарының жаңа түрлерінің технологиялары», «Интеллектуалды өндіріс» тақырыптарында дәрістер оқып, Гуйчжоу университеті туралы ақпаратпен бөлісті.
Қонақтар университет мұражайын, «STU-ENGINEERING» ғылыми-техникалық орталығын және «Көліктегі цифрлық технологиялар» ғылыми-білім беру кешенін аралап көрді.
– Біз сіздердің керемет университеттеріңізбен ынтымақтастық орнатуға қуаныштымыз, – деді профессор Сян Вэй қонақтардың ортақ пікірін білдіре отырып.
Бұл – университетіміз ынтымақтастық орнатқан алғашқы Қытай жоғары оқу орны емес. Өзара тиімді байланыстардың кеңейе түсуі халықаралық серіктестікті одан әрі нығайтып, жаңа бірлескен жобаларға жол ашады.



















