SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ ПРЕЗИДЕНТТІҢ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Мусина Гульназ Нургалиевна Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.

Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қазандағы №1033 Жарлығымен тағайындалған бұл марапат Қазақстан парламентаризмінің қалыптасуы мен дамуына, парламенттік институттарды нығайтуға және өкілді билік жүйесін жетілдіруге елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі.

Аталған мерейтойлық медаль – елдің мемлекеттік институттарын дамыту жолындағы еңбекті мойындаудың, жауапкершілік пен қоғам алдындағы қызметті жоғары бағалаудың айрықша белгісі.

Гүлназ Нұрғалиқызының осындай мәртебелі марапатқа ие болуы – Saginov Technical University ұжымы үшін зор мақтаныш. Ол университет инфрақұрылымын дамыту, білім беру және ғылыми қызметке қолайлы жағдай жасау, студенттер мен оқытушылар үшін заманауи әрі жайлы орта қалыптастыру бағытында еңбек етіп келеді.

Университеттің материалдық-техникалық базасын жетілдіру, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және оқу орнының тұрақты дамуына жағдай жасау – жауапкершілігі жоғары, жүйелі жұмысты талап ететін маңызды міндеттер.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ұжымы Гүлназ Нұрғалиқызын мәртебелі марапатымен шын жүректен құттықтайды!

Сізге зор денсаулық, отбасылық амандық, қажымас қайрат, кәсіби қызметіңізге толағай табыс және университетіміздің дамуы жолындағы игі бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!

Марапатыңыз құтты болсын!

Без рубрики