SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY-ДЕ ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕЛЕРІН ЦИФРЛАНДЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ


30 қыркүйекте Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Ақпараттық-есептеуіш жүйелер» кафедрасында Мәскеу қаласындағы «ЭнергоТвин» ЖШҚ өкілдері Иван Корепин және Александр Атрощенконың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Кездесудің негізгі тақырыбы – жылумен жабдықтау жүйелерін цифрландыру және олардың тиімділігін арттыруда интеллектуалды технологияларды қолдану. Қатысушылар жылу желілерінің цифрлық егіздерін әзірлеу, жылумен жабдықтау режимдерін интеллектуалды оңтайландыру, сондай-ақ қалалық жылумен жабдықтау жүйесін кешенді басқаруға арналған цифрлық платформаларды құру мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ жылу энергиясы көздері мен жылу желілерінің оңтайлы жұмыс режимдерін автоматты түрде анықтайтын алгоритмдерді бірлесіп әзірлеу перспективалары қарастырылды. Мұндай шешімдер энергетикалық тиімділікті, жүйелердің сенімділігі мен басқарылуын арттыруға мүмкіндік береді.

Дөңгелек үстелге Корпоративтік университет мүшесі Геннадий Цок, «СИРИУС» ПКФ төрағасы, Инновациялық технологиялар факультетінің деканы А.А. Калинин, «Ақпараттық-есептеуіш жүйелер» кафедрасының қауымдастырылған профессорлары Н.И. Томилова, Г.Б. Абилдаева, Н.В. Мутовина және университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Кездесу қорытындысында «ЭнергоТвин» ЖШҚ мен Saginov Technical University арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары айқындалды. Олардың қатарында жылумен жабдықтау жүйелерін интеллектуалды оңтайландыру, жылу желілерін цифрлық модельдеу, энергетикалық инфрақұрылымның цифрлық егіздерін әзірлеу және бірлескен ғылыми жарияланымдар дайындау бар.

Без рубрики