Saginov Technical University-де Ташкент мемлекеттік көлік университетімен бірлескен қос дипломды магистрлік бағдарлама іске қосылды


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті халықаралық білім беру кеңістігіндегі әріптестігін жаңа бағытпен толықтырды. 2026–2027 оқу жылынан бастап Ташкент мемлекеттік көлік университетімен бірлескен Double Degree «1+1» қос дипломды магистрлік бағдарламасы бойынша білім беру басталды.

Жаңа бағдарламаның алғашқы легіне 9 шетелдік магистрант қабылданды. Олар бірінші оқу жылын Өзбекстанда, Ташкент мемлекеттік көлік университетінде өткізсе, екінші жылы білімін Қазақстанда -Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде жалғастырады.

Бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектер Қазақстан мен Өзбекстанның екі жоғары оқу орнының магистр дипломын иеленеді.

Білім беру екі университеттің өзара сабақтас бағдарламалары негізінде ұйымдастырылған. Өзбекстанда магистранттар 71010402 «Көлік логистикасы», ал Қазақстанда 7M11303 «Тасымалдауды ұйымдастыру және көлік логистикасы» білім беру бағдарламалары бойынша оқиды.

Қос дипломды бағдарламаны әзірлеу және оны іске қосуға дайындау бірнеше жылға созылды. Шамамен бес жыл бойы тараптар оқу бағдарламаларын үйлестіру, академиялық талаптарды сәйкестендіру және магистранттардың білім алу траекториясын қалыптастыру бағытында бірлескен жұмыс жүргізді.

Жобаны жүзеге асыруға Ташкент мемлекеттік көлік университетінің профессоры Шынполат Суюнбаев, сондай-ақ екі университеттің көлік саласындағы бейінді кафедраларының оқытушылары мен мамандары атсалысты.

«1+1» форматы магистранттарға екі елдің академиялық ортасында білім алып қана қоймай, халықаралық тәжірибе жинауға, кәсіби байланыстарын кеңейтуге және көлік-логистика саласындағы заманауи білім мен практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.

Жаңа бағдарламаның іске қосылуы Қазақстан мен Өзбекстан университеттері арасындағы академиялық байланысты нығайтып, көлік саласына халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға жол ашады. Бұл -Saginov Technical University-дің білім беру бағдарламаларын интернационалдандыру және халықаралық серіктестікті дамыту бағытындағы маңызды қадамдарының бірі.

[/su_custom_gallery][/su_custom_gallery]
Без рубрики