22 қазанда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Республика күніне орай «Republic Day: The Path to Modern Kazakhstan» («Республика күні – заманауи Қазақстанға бастар жол») атты тәрбиелік іс-шара өтті.
Шет тілдері кафедрасы ұйымдастырған кездесудің мақсаты – жастардың отансүйгіштік сезімін нығайту, ұлттық құндылықтарға құрметін арттыру және ағылшын тілін үйренуге қызығушылығын дамыту.
Іс-шара барысында Қазақстанның егемендік тарихы, мәдени мұрасы мен тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері сөз болды. Мерекелік бағдарламада Мемлекеттік гимн орындалып, ел бірлігі мен азаматтық жауапкершіліктің маңызы атап өтілді.
Студенттер «Kazakhstan: From the Past to the Future» тақырыбында ағылшын тілінде презентация ұсынып, еліміздің тарихи даму жолы мен жетістіктерін таныстырды. Бағдарлама музыкалық қойылыммен жалғасты.
Қатысушылар Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен мемлекеттік рәміздеріне арналған танымдық викторинада білімдерін сынады.
Іс-шара соңында мерекелік бағдарламаны ұйымдастыруға белсенді атсалысқан студенттерге алғыс хаттар табысталды.