SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY-ДЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ЖИЫН МЕН МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде 25 қазан – Республика күніне арналған салтанатты жиын мен мерекелік концерт өтті. Ұлттық мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шара университеттің профессор-оқытушылар құрамын, қызметкерлері мен студенттерін біріктірді.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды.

Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Сагинтаева Сауле Саветовна ұжымды ұлттық мерекемен құттықтап, Республика күнінің Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу тарихындағы ерекше маңызына тоқталды. Ол 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация еліміздің дербес даму бағытын айқындап, қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуына негіз қалағанын атап өтті.

Ректор білім мен ғылымның ел дамуындағы стратегиялық рөліне ерекше назар аударды. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы, өндірістің технологиялық жаңаруы жағдайында озық технологияларды меңгеріп, алған білімін нақты өндірістік міндеттерді шешуге қолдана алатын жаңа буын инженерлерін даярлаудың маңызын атап өтті.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 70 жылдан астам уақыт бойы еліміздің өнеркәсібі мен экономикасы үшін білікті мамандар даярлап келеді. Осы кезеңде қалыптасқан академиялық дәстүрлер мен ғылыми мектептер негізінде университет 120 мыңнан астам маман даярлады.

Бүгінде университет білім беру сапасын жетілдіру, ғылыми зерттеулерді дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және өндірістік кәсіпорындармен байланысты нығайту бағытындағы жұмысын жалғастыруда. Ректор университет жетістіктерінің негізінде профессор-оқытушылар құрамының, ғалымдардың, қызметкерлер мен студенттердің бірлескен еңбегі жатқанын атап өтіп, ұжымға кәсібилігі, жауапкершілігі және білім ордасының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Салтанатты жиын барысында білім мен ғылымның дамуына, университеттің өркендеуіне және өңірдің қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен студенттер марапатталды.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Бекболат Нүсіпбеков «Жоғары білім беру саласына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Ғылымды, білімді және тіл саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректор Абай Қалықовқа «Қаныш Сәтбаев» медалі табысталды.

Сонымен қатар университеттің Инфрақұрылымды дамыту жөніндегі департаментінің директоры Гүлназ Мусина Қазақстан Республикасы Парламентінің 30 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды.

Білім мен ғылым саласындағы жетістіктері үшін Қазақстанның көпсалалы қайта құру және даму институтының директоры, техника ғылымдарының докторы Жмагул Нугужинов, «Құрылыс материалдары мен технологиялары» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Марат Иманов және Ғылыми кітапхананың жетекшісі Баян Бейсембаева Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы жетістіктері үшін «Металлургия және жаңа материалдар» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Виталий Куликов «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломына ие болды.

Ғылым, техника, технологиялар және инновациялар саласындағы жетістіктері үшін «Пайдалы қазбалар кен орындарын игеру» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Рабатұлы Мұхаммедрахым «Ғылым үздігі» құрмет дипломымен марапатталды.

Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және тіл саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақ тілі мен мәдениеті» кафедрасының аға оқытушысы Гүлмира Байпеловаға «Тіл жанашыры» құрмет дипломы табысталды.

Қызметтік міндеттерін үлгілі атқарып, кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін Маркетинг және PR департаментінің директоры Нұрлан Айтбаев, «Технологиялық жабдықтар» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Жаннель Нокина және архив меңгерушісі Жамиля Турламбекова Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына қосқан үлесі мен кәсіби жетістіктері үшін Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен корпоративтік хатшы Анжела Жижите, Әкімшілік басқарманың жетекшісі Мадина Кожухова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бас сарапшысы – комплаенс-офицер Гүлден Сейдимбекова, Ақпараттық технологиялар департаментінің Бағдарламалық қамтамасыз ету орталығының басшысы Кирилл Штефан, кеңсе меңгерушісі Бағдат Байгараева, Әлеуметтік-психологиялық қызметтің жетекшісі Наталья Литвинова және «Өнеркәсіптік көлік» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Оюм Балабаев марапатталды.

Көпжылдық адал еңбегі, жоғары кәсібилігі мен университеттің дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкер Басқарма төрағасы – ректордың Құрмет грамотасына ие болды.

Олардың қатарында Білім алушыларға қызмет көрсету орталығының жетекшісі Сулушаш Кенжебекова, «Технологиялық жабдықтар, машина жасау және стандарттау» кафедрасының аға оқытушысы Гүлерке Таттимбек, Инновациялық технологиялар колледжінің күндізгі оқу бөлімінің меңгерушісі Адеми Аққушкарова, колледж оқытушылары Ерлан Жексембеков пен Арайлым Жупышева, Қабылдау комиссиясының инженері Данагүл Қайырбек, Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің әдіскері Ирина Жужома, офис-тіркеуші Алима Каршалова, трафик-бақылаушылар Елена Демова мен Оксана Купор, әкімшілік-шаруашылық қызметінің қызметкерлері Толқын Ахмедиева, Бақытжамал Рахимова және абаттандыру жұмысшысы Қонысбек Беделбаев бар.

Университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысып, студенттік қозғалыстың дамуына үлес қосқан «Жас Орда» жастар қауымдастығының төрағасы, ОПИ-23-2 тобының студенті Нұралы Әділ және қауымдастық төрағасының орынбасары, ГД-23-4 тобының студенті Нұрлан Құралбеков те ректордың Құрмет грамотасымен марапатталды.

Марапаттау рәсімінен кейін мерекелік концерт басталды. Концерттік бағдарламада ұлттық өнер мен жастар шығармашылығы кеңінен көрініс тапты. «Арқа сазы» дәстүрлі ән орындаушысының өнері, «Гәкку» халықтық би ансамблінің және «SJ Dance» шығармашылық үйірмесінің қойылымдары көрермендердің ықыласына бөленді.

Сонымен қатар «Шамшырақ» үйірмесінің қатысушысы, бірінші курс студенті Тоғжан Мейрамбек «Қазақ елім» атты поэзиялық туындыны ұсынды. Студент Махаббат Арқабаева «Менің қазағым» әнін шырқап, мерекелік көңіл күйді асқақтата түсті.

Концерт «Жас Орда» жастар қауымдастығы белсенділерінің орындауындағы «Батырлар ұраны» патриоттық әнімен қорытындыланды.

Республика күніне арналған салтанатты іс-шара университет ұжымының жетістіктерін дәріптеп, білім мен ғылым саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың үлесін айшықтады. Мерекелік жиын ұлттық құндылықтарды насихаттап, жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға және ел болашағына деген ортақ жауапкершілікті нығайтуға ықпал етті.

Еліміздің мерейі үстем, тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз жарқын болсын!

 

Без рубрики