12 қараша күні Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Президент Жолдауы: студенттік көшбасшылармен ашық диалог» тақырыбында кездесу өтті. Тау-кен факультетінің студенттерімен өткен жиынға Басқарма мүшесі, әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Абай Қобыландыұлы Қалықов қатысып, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттер мен жастардың ел дамуындағы рөлі туралы сөз қозғады.
Кездесу барысында Президент Жолдауының негізгі бағыттары, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру, жастардың азаматтық жауапкершілігі мен қоғамдық белсенділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттер еліміздің жетекші салаларының бірі саналатын тау-кен өнеркәсібі үшін де маңызды. Қазақстанның минералдық-шикізат әлеуетін тиімді пайдалану, геологиялық барлау жұмыстарын жаңғырту, өндірістік үдерістерге цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу білікті инженерлік кадрларға деген сұранысты арттыра түседі.
Осы тұрғыдан алғанда, Тау-кен факультетінде білім алып жатқан жастардың кәсіби даярлығы ерекше мәнге ие. Өйткені тау-кен ісі елдің өнеркәсіптік дамуына, экономикалық тұрақтылығына және технологиялық жаңғыруына тікелей ықпал ететін стратегиялық сала. Ал оның болашағы заманауи білімді меңгерген, инновациялық шешімдер қабылдай алатын және өндірістегі қауіпсіздік пен экологиялық жауапкершілікті басты назарда ұстайтын мамандарға байланысты.
Ашық диалог барысында студенттік көшбасшылық, жастардың бастамаларын қолдау, университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысу және болашақ мамандардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру мәселелеріне де назар аударылды.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті. Мұндай басқосулар жастардың ел дамуына қатысты маңызды бастамаларды тереңірек түсінуіне, көшбасшылық қабілеттерін дамытуына және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне мүмкіндік береді.