Saginov Technical University-де Конфуций институты басқармасының он екінші отырысы өтті


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне Конфуций институты басқарма мүшелері мен ректор бастаған Шихэцзы университетінің делегациясы келді. Сапар аясында ҚарТУ-де 14 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Конфуций институты басқармасының 12-ші отырысы өтті. Жиын Институттың 2025 жылғы қызметі туралы есепті қарауға және 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітуге арналды.

Отырысқа ҚарТУ Басқарма төрағасы – ректор Сауле Сагинтаева бастаған басшылық құрам, сондай-ақ Шихэцзы университетінің ректоры Ли Чжаоминь бастаған Қытай делегациясы қатысты.

Сауле Сагинтаева Қазақстан мен Қытайды 30 жылдан астам уақыттан бері өзара сенімге, достыққа және тиімді ынтымақтастыққа негізделген дипломатиялық қатынастар байланыстырып отырғанын атап өтті. Білім беру және мәдени байланыстарды дамытуда Конфуций институтының рөлі ерекше екені, оның қытай тілін үйренуге және екі ел арасындағы академиялық өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал ететіні айтылды.

Конфуций институтында Шихэцзы университетінің қолдауымен студенттер қытай тілі мен мәдениетін меңгеріп, халықаралық біліктілік емтихандарын тапсырады, түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Университет түлектерінің көпшілігі қытай компанияларымен ынтымақтастық орнатқан ірі кәсіпорындар мен өндірістік ұйымдарда табысты еңбек етуде.

Отырыс барысында Конфуций институты директорларының есептері тыңдалды, оның ішінде қытай тарапынан директор Чжоу Юаньци баяндама жасады. Ли Чжаоминь Чжоу Юаньциге, сондай-ақ қазақстандық тараптан директор Татьяна Филипповаға екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тиісті құжаттарға қол қойды. Сапар аясында қонақтар Конфуций институтының қызметімен танысты: оқу сабақтарына қатысып, оқу үдерісін бақылап, оқытушылар мен студенттермен кездесті. Сонымен қатар университеттің зертханалары мен музейіне экскурсия ұйымдастырылды.

Без рубрики