2026 жылғы 21 қазанда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «KAZ Minerals» тобына кіретін «KAZ Minerals Management» ЖШС өкілдері студенттерге өндіріс саласындағы кәсіби мүмкіндіктер мен мансаптық даму бағыттарын таныстырды.
Іс-шараға тау-кен ісі, электр энергетикасы, автоматтандыру және басқару, машина жасау, технологиялық машиналар мен жабдықтар, металлургия, органикалық заттардың химиялық технологиясы, пайдалы қазбаларды байыту және көлік салалары бойынша білім алып жүрген 2–4 курс студенттері қатысты.
Компания мамандары «KAZ Minerals» тобының қызметі, өндірістік кәсіпорындардағы жұмыс ерекшеліктері және тау-кен өндіру мен металлургия салаларының даму перспективалары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ студенттерге «Стажёр» бағдарламасы, өндірістік практикадан өту және коммерциялық гранттар алу мүмкіндіктері таныстырылды.
Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің жас мамандарға қоятын талаптары, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдылар және университетті аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасу жолдары қарастырылды. Бұл студенттерге алған білімдерін тәжірибемен ұштастырудың және болашақ мансабын жоспарлаудың маңызын түсінуге мүмкіндік берді.
Университет атынан іс-шараға Мансап және жұмыспен қамту орталығының жетекшісі Тусупова Гүлзат Алиевна қатысты.
Saginov Tehnical University білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытуға және олардың еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасуына бағытталған жұмысты жалғастыруда. Сала кәсіпорындарымен әріптестік орнату білім алушылардың тәжірибелік даярлығын жетілдіріп, болашақ мансабына жаңа мүмкіндіктер ашады.