SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY-ДЕ «КАРЬЕРА START» БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ


2026 жылғы 20 қазанда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде дәстүрлі «Карьера START» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға түрлі саланың 80-ге жуық ұйымы мен кәсіпорны қатысып, студенттер мен түлектерге әлеуетті жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға, өзекті бос жұмыс орындарымен танысуға және кәсіби еңбек жолын бастауға мүмкіндік берді.

Жәрмеңкеге бакалавриаттың 3–5-курс студенттері, магистратура мен докторантура түлектері, сондай-ақ өңірлік және республикалық деңгейдегі жетекші компаниялардың өкілдері қатысты.

Жәрмеңкенің ресми ашылуына университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бекболат Рақышұлы Нүсіпбеков, Қарағанды облысының Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Дәурен Исқанұлы Қошқаралиев және кәсіпорын өкілдері қатысты. Құттықтау сөздерінде олар білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, инженерлік және IT-мамандықтарға сұраныстың жоғары екенін, сондай-ақ жас мамандардың кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылып отырғанын жеткізді.

Жәрмеңкеге тау-кен өндіру және металлургия өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, құрылыс, көлік және логистика, ақпараттық технологиялар (IT), қаржы секторы, білім беру мен ғылым салаларының, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен мамандандырылған ұйымдардың өкілдері қатысты.

Бос жұмыс орындарын «Qarmet» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, KAZ Minerals Management, Eurasian Resources Group (ERG), «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Qaztehna» ЖШС, «Qarmet Machinery» ЖШС, SLB, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «BI-GROUP KRG» ЖШС және энергетика, құрылыс, IT мен экономиканың басқа да салаларында қызмет атқаратын кәсіпорындар ұсынды.

Іс-шара барысында студенттер жұмыс берушілердің талаптарымен танысып, мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы ақпарат алды. Сонымен қатар алдын ала әңгімелесуден өтіп, жұмысқа орналасу және өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктерін қарастыруға жол ашылды.

Жәрмеңкеге Тау-кен факультетінің, Сәулет-құрылыс факультетінің, Металлургия және машина жасау факультетінің, Инновациялық технологиялар факультетінің, Энергетика, автоматика және телекоммуникациялар факультетінің, Көлік, логистика және инженерлік экономика факультетінің білім алушылары қатысты.

Студенттер үшін жәрмеңке еңбек нарығының талаптарымен алдын ала танысып, болашақ кәсіби даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Ал түлектер жұмыс іздеу, әлеуетті жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату және еңбек жолын бастау үшін нақты мүмкіндіктерге ие болды.

«Карьера START» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі университет пен кәсіпорындар арасындағы әріптестік байланысты нығайтуға, түлектерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және өңір мен ел экономикасының қажеттіліктеріне сай сұранысқа ие мамандар даярлауға бағытталған маңызды алаң болып табылады.

Без рубрики