SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY-ДЕ «БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ГРАНТТЫҚ ӨТІНІМДЕРДІ ЖАЗУ» СЕМИНАРЫ ӨТТІ


Saginov Technical University-де ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыруға өтінімдерді тиімді әзірлеу мәселелеріне арналған семинар өтті. Іс-шара барысында зерттеу жобасын дұрыс ұсыну, оның жаңашылдығы мен практикалық маңызын негіздеу, сондай-ақ сарапшылардың назарын аудартатын бәсекеге қабілетті өтінім әзірлеу тәсілдері талқыланды.

Семинарды Малайзия Технологиялық Университетінің (UTM) профессоры, доктор Хайрур Рижал өткізді. Ғалым өз презентациясында гранттық өтінімді тек ғылыми жоба ретінде емес, сарапшылар мен комиссия мүшелеріне жобаның құндылығын дәлелдейтін стратегиялық презентация ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті.

Сарапшының айтуынша, сапалы гранттық өтінімнің негізінде төрт маңызды элемент болуы тиіс: зерттеу жобасының нақты мақсаттары, қазіргі технологиялық шектеулер, айқын жаңашылдық және ықтимал тәуекелдер. Осы ретте зерттеушілерге ғылыми әдебиеттегі белгілі бір олқылықты анықтаумен шектелмей, алдымен нақты өмірдегі өзекті мәселені айқындап, ұсынылып отырған зерттеудің оны шешудегі маңызын көрсету ұсынылды.

Семинар барысында зерттеу әдістемесінің негізділігі мен жобаның іске асырылу мүмкіндігіне де ерекше назар аударылды. Әрбір таңдалған әдіс нақты дәлелдермен негізделіп, ықтимал сараптамалық сын-пікірлерге жауап бере алуы қажет.

Сонымен қатар жобаның күтілетін нәтижелері мен оның ұзақ мерзімді әсерін нақты жоспарлау мәселелері қарастырылды. Қатысушыларға ғылыми жарияланымдар мен деректер жиынтығы сияқты тікелей нәтижелерді саясаттағы өзгерістер немесе қоғамға тигізетін практикалық пайда секілді ұзақ мерзімді әсерлерден ажырата білу қажеттігі түсіндірілді.

Семинар соңында зерттеушілерге гранттық өтінімнің аннотациясын жұмыстың соңғы кезеңінде әзірлеу, өтінімді жібермес бұрын әріптестердің сыни пікірін ескеру және сарапшылардың кері байланысын жобаны жетілдіру мүмкіндігі ретінде пайдалану жөнінде ұсыныстар берілді.

Іс-шара ғылыми идеяларды қаржыландырушы ұйымдардың стратегиялық басымдықтарымен ұштастырып, зерттеу жобаларын тиімді таныстыруға және бәсекеге қабілетті гранттық өтінімдер әзірлеуге бағытталған практикалық кеңестермен ерекшеленді.

Без рубрики