20 маусымнан бастап Saginov University-де бакалавриаттың білім беру бағдарламаларына түсуші талапкерлер үшін қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады.
Болашақ студенттер құжаттарын тапсырып, өздеріне қажетті білім беру бағдарламасын таңдай алады. Saginov University – студенттерге сапалы теориялық біліммен қатар, практикалық тәжірибе жинақтауға, ғылыми жобаларға, байқауларға, стартаптарға және академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік беретін заманауи техникалық университет.
Университетте инженерлік, техникалық, IT, құрылыс, энергетика, көлік, тау-кен және басқа да перспективалы білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланады. Оқу үдерісі өндіріс пен еңбек нарығының заманауи талаптарына бағытталған.
Түлектер өнеркәсіп, цифрлық технологиялар, инфрақұрылымдық жобалар және ірі компанияларда кәсіби мансабын қалыптастыруға мүмкіндік алады.
Ақылы негізде оқуға түсуді жоспарлаған талапкерлер құжаттарын 2026 жылғы 25 тамызға дейін тапсыра алады. Ал мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер 13-20 шілде аралығында қабылданады.
Грант конкурсына қатысу үшін жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3×4 көлеміндегі фотосурет, жалпы орта білім туралы аттестат немесе колледж дипломы қажет. Жеңілдетілген және квоталық санаттар бойынша түсуші талапкерлер тиісті растайтын құжаттарды да ұсынуы керек.
Құжаттар Saginov University-дің 1-оқу корпусында қабылданады. Болашақ мамандығыңызды таңдаңыз және кәсіби жолыңыздың алғашқы қадамын Saginov University-мен бірге жасаңыз!


