ҚарТУ-да «Мас-рестлинг ұлттық және заманауи спорт түрі ретінде: базалық техника мен тактиканы тәжірибелік меңгеру» атты семинар-практикум өтті. Оған Қарағанды облысының мектептері мен колледждерінің дене шынықтыру пәні мұғалімдері және білім алушылар қатысты.
Семинарды Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы бас директорының академиялық мәселелер жөніндегі орынбасары Наталья Дрейт, AGT Global компаниясының бас директоры және Қазақстандағы мас-рестлинг қозғалысының жетекшісі Гүлнар Абдрахманова, сондай-ақ аталған спорт түрі бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен ҚарТУ-дың дене шынықтыру кафедрасының оқытушылары өткізді.
Басқарма мүшесі – әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректор Абай Қалықов елордадан келген қонақтарға алғыс білдіріп, ЖОО тек бәсекеге қабілетті мамандар даярлап қана қоймай, студенттердің шығармашылық, мәдени және спорттық дамуына да жағдай жасайтынын атап өтті. Сондай-ақ ол семинар-практикумның мас-рестлингті кеңінен насихаттауға ықпал ететініне сенім білдірді. Бұл спорт түрі аға буынға «аяқ тарту» деген ұлттық ойын ретінде белгілі.
Мас-рестлинг бүгінде әлемнің көптеген елдерінде дамып, Қазақстанда да танымал бола түсуде. Мамыр айында іріктеу туры, ал жазда республикалық жарыстар өтеді. Дене шынықтыру кафедрасының меңгерушісі Рустем Окашев мас-рестлингтің тарихы мен дамуы туралы айтып берсе, оқытушылар Вячеслав Чжен мен Руслан Саденов оның ережелері мен базалық техникасын түсіндірді. «Жастар әлемі» сахнасында семинар-практикум барысында импровизациялық жекпе-жектер көрсетілді.
Іс-шара соңында колледждер мен мектеп оқушылары үшін университет бойынша экскурсия ұйымдастырылып, сұрақтарына жауап берілді. Және қатысушы дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне сертификаттар табысталды.








