2026 жылғы 7–14 қазан аралығында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ғалымдары Францияның Нанси қаласындағы Лотарингия университетінде ғылыми іссапармен болды.
Университет атынан ғылыми сапарға профессорлар Виталий Юрьевич Куликов, Ардак Мухамедиевна Достаева және қауымдастырылған профессор (доцент) Татьяна Викторовна Ковалёва қатысты.
Іссапардың негізгі мақсаты – гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар бойынша зерттеулер жүргізу, алынған нәтижелерді жетілдіру және шетелдік әріптестермен ғылыми байланыстарды дамыту.
Сапар барысында университет ғалымдары жоспарланған зерттеу жұмыстарын орындап, гранттық жобаларды іске асыруға қажетті ғылыми ізденістерін жалғастырды. Халықаралық ғылыми ортадағы жұмыс зерттеу тәжірибесін кеңейтуге және жобалардың ғылыми нәтижелерін дамытуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, іссапар Лотарингия университетінде ұйымдастырылған Ғылым күнімен тұспа-тұс келді. Қарағандылық ғалымдар аталған іс-шараға қатысып, Франциядағы ғылыми-ағартушылық және кәсіби бағдар беру жұмыстарының тәжірибесімен танысты.
Ғылым күні аясында келушілерге университеттің білім беру бағдарламалары мен ғылыми бағыттары таныстырылды. Заманауи зертханалық жабдықтардың жұмысы көрсетіліп, ғылыми тәжірибелер, зерттеу макеттері мен ақпараттық стендтер ұсынылды.
Іс-шараның алғашқы күні мектеп оқушыларына арналды. Олар университеттегі ғылыми зерттеулермен танысып, түрлі мамандықтардың ерекшеліктері туралы ақпарат алды. Ал екінші күні университеттің ғылыми және білім беру қызметімен танысуға ниетті барлық келушілер үшін ашық есік ұйымдастырылды.
Лотарингия университетінің тәжірибесі ғылымды көпшілікке таныстыру, оқушылардың техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыру және университет пен мектеп арасындағы байланысты нығайту тұрғысынан маңызды болды.
Франциядағы ғылыми іссапар университет ғалымдарына гранттық жобалар бойынша зерттеулерін жалғастыруға, халықаралық тәжірибемен танысуға және шетелдік әріптестермен кәсіби байланыстарды дамытуға мүмкіндік берді.