Республика күні қарсаңында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің бірқатар қызметкері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Олардың көп жылғы еңбегі, кәсіби біліктілігі мен елдің дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланды.
Көлік, логистика және инженерлік экономика факультетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Сагинтаев Савет Сагинтаевич «Құрмет» орденімен марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің атынан награданы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев табыстады.
Қазақстандық көпсалалы қайта құру және даму институтының (ҚазМИРР) директоры, техника ғылымдарының докторы, университеттің құрылыс материалдары мен технологиялары кафедрасының профессоры Нугужинов Жмагул Смагулович «Парасат» орденіне ие болды.
«Металлургия және жаңа материалдар» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Султангазиев Руслан Бауыржанович III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
«Көлік техникасы және логистикалық жүйелер» кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор Жаркенов Нурсултан Балгаевич Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Алғыс хатына ие болды.
Әріптестерімізді лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз! Зор денсаулық, отбасыларына амандық, кәсіби қызметтеріне табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз! Университетіміздің өркендеуі мен еліміздің дамуына қосып жүрген үлестеріңіз арта берсін!








