25 қазан – Республика күні қарсаңында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Химия және химиялық технологиялар кафедрасының ұйымдастыруымен 19 қазанда 1-курс студенттері арасында «Республика – ерікті ел, азат Қазақстан» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – Республика күнінің тарихи маңызын түсіндіру, Қазақстанның егемендікке жету жолын зерделеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың бойында отансүйгіштік сезім мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.
Дөңгелек үстелге ХТОВ-26-3 тобының кураторы А.Е. Тұқтыбаева, ХТОВ-26-2 тобының кураторы А. Карилхан және ХТОВ-26-4 тобының кураторы А.А. Амирхан жетекшілік ететін студенттер қатысты.
Пікір алмасу аясында студенттер Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу тарихы, егемендіктің мәні мен маңызы, тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ұлттық бірлік пен рухани құндылықтар, сондай-ақ жастардың ел болашағын қалыптастырудағы рөлі туралы мазмұнды баяндамалар жасады.
Іс-шара ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар тақырып аясындағы өзекті мәселелерді талқылады. Студенттер баяндамашыларға сұрақтар қойып, өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай пікір алмасу жастардың тарихи танымын кеңейтіп, ел тағдырына деген жауапкершілігін терең сезінуге мүмкіндік берді.
Аталмыш жиын патриоттық әндер мен қазақ биіне ұласқан мәдени бағдарлама арқылы жалғасын тапты. Өнер көрсетілімдері іс-шараның мазмұнын толықтырып, қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Республика күні – еліміздің мемлекеттілігі мен егемендігін айшықтайтын, ұлттық бірлік пен отаншылдық құндылықтарды дәріптейтін маңызды мереке. Осындай танымдық іс-шаралар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық рухын нығайтуға және Қазақстанның болашағына деген сенімін арттыруға ықпал етеді.