2018 жылдың 29 қаңтары және 2 ақпаны аралығында ҚарМТУ-дың «Құрылыс материалдары және технологиялары» кафедрасында Мәскеу мемлекеттік құрылыс университетінің профессоры, т.ғ.д. Евгения Владимировна Ткач жұмыс жасады. Мұндағы мақсат – «Құрылыс» және «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын өндіру» мамандықтары бойынша білім алып жатқан докторанттарға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде кеңес беру.
Білім ордамызда болған күндерде Евгения Владимировна кафедра қызметкерлерімен кездесіп, құрылыс материалдарын өндіру және осы сала бағытында білім беруге қатысты жеке тәжірибесімен бөлісті. Өз кезегінде қарағандылық әріптестері аталмыш сала бойынша жасалып жатқан отандық зерттеулермен таныстырды.
Сондай-ақ мәскеулік ғалым докторанттармен бірге «Салмақ түсетін іргетастың жағдайына баға беру үшін топырақтың есептік кедергілерінің параметрлеріне ғылыми негіздеме жасау», «Іргетастағы ылғалды есептеу үшін саз-балшықты топырақтың кернеулі-деформацияланған күйін зерттеу», «Техногенді қалдықтарды қолдану арқылы жасалған түрлендірілген бетондар және олардың негізіндегі конструкциялар», «Суға қаныққан топырақ үстіндегі тіреулі іргетастарды тұрғызу және зерттеу», «Модификаторды қолдану арқылы жол бетонының тиімділігін арттыру» тақырыптары бойынша ғылыми жұмыстарды талқылады. Кеңес барысында аталған жұмыстарға ғылыми-теориялық тұрғыдан талдау жасап, зерттеудегі күрделі сұрақтарды тиімді ұсына білу турасында кеңестер берді.
Жалпы, ҚарМТУ-да шетелдік-серіктес ЖОО-мен ықпалдастық құру бұрыннан жолға қойылған. Өйткені университетімізге шетелдік ғалымдарды тарту халықаралық білім беру мектебімен танысуға, сол арқылы өз білім алушыларымыздың өзге ЖОО-ның ғылыми-зерттеушілік жұмыстарындағы тәжірибелерінен хабардар болуға ықпал етеді.