QARMET-ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ: ПРАКТИКАДАН ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСУҒА ДЕЙІН


24 қыркүйекте Saginov Technical University-де «Qarmet» АҚ өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – көлік саласына білікті мамандар даярлау, студенттердің кәсіби дамуына жағдай жасау және университет пен ірі жұмыс беруші арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту.

Кездесуге «Qarmet» АҚ автокөлік және арнайы техника дирекциясының директоры Асқар Сағидуллаұлы Кенжіғалиев, аталған дирекцияның талдаушысы Диана Қайратқызы Килашева, сондай-ақ университет оқытушылары, бейінді кафедралардың өкілдері және Мансап және жұмыспен қамту орталығының мамандары қатысты.

Тараптар студенттердің өндірістік практикадан және тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін, кәсіби бағдар беру жұмыстарын және жас мамандарды кейін жұмысқа орналастыру тетіктерін талқылады. «Qarmet» өкілдері компанияның болашақ мамандарды өндірістік ортаға ерте кезеңнен тартуға мүдделі екенін атап өтті.

Ынтымақтастық аясында «Көлік, көлік техникасы және технологиялары», «Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану», «Электр энергетикасы», «Автоматтандыру және басқару», «Логистика» білім беру бағдарламаларына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, «Qarmet» АҚ университетпен бірлесіп бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне, мансап күндеріне, жұмыс беруші презентацияларына және студенттермен кездесулерге қатысуға дайын екенін білдірді. Компания өкілдері оқытушылар, студенттер мен түлектер үшін өндірістік нысандарға таныстыру экскурсияларын ұйымдастыру мүмкіндігін де атап өтті.

Кездесу қорытындысында білім беру ұйымы мен жұмыс беруші арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, практика мен тағылымдаманы жүйелі ұйымдастыру және түлектердің еңбек нарығына бейімделуіне жағдай жасау мәселелері талқыланды.

Без рубрики