ОҚЫТУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА ЦИФРЛЫҚ КӨМЕКШІ


28 қыркүйекте Saginov Technical University-де жасанды интеллект мүмкіндіктеріне арналған конференция өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы — OpenAI компаниясы әзірлеген ChatGPT құралын білім беру үдерісінде тиімді пайдалану. 

Бүгінде ChatGPT әлемде кең қолданысқа еніп келеді. Ол сұрақтарға жауап беріп, ақпаратты жүйелеуге, материал дайындауға, мазмұнды талдауға және түрлі кәсіби міндеттерді орындауға көмектеседі. Мұндай құралдар уақытты үнемдеп, күнделікті қайталанатын жұмыстарды оңтайландыруға мүмкіндік береді. 

Конференция барысында ChatGPT-ді жоғары оқу орны оқытушыларының жұмысында қолдану жолдары, оның білім беру саласындағы мүмкіндіктері мен практикалық қырлары талқыланды. 

Тақырып бойынша BilimUpSkill холдингінің өкілдері — көптілді білім беру саласының зерттеушісі, білім беру саласындағы PhD Айгерім Кажигалиева және ЖИ әдіскері, цифрлық педагогика маманы Абдулкарим Абдул баяндама жасады. 

BilimUpSkill — Қазақстандағы Coursera платформасының ресми өкілі. Ұйым мектептерді, колледждерді, жоғары оқу орындарын, компаниялар мен мемлекеттік мекемелерді жаһандық білім беру платформасымен байланыстыру бағытында жұмыс жүргізеді. 

Іс-шараға факультет декандары, кафедра меңгерушілері және университеттің бірқатар құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты. Қатысушылар ChatGPT мүмкіндіктері, оны кәсіби қызметте қолдану тәсілдері және жасанды интеллект құралдарының білім беру үдерісіндегі рөлі туралы ақпарат алды.

Кездесу соңында жасанды интеллект технологияларын университеттің білім беру және кәсіби қызметінде тиімді пайдалану мүмкіндіктері сөз болды.

Без рубрики