НҰРА АУДАНЫНДА 100-ДЕН АСТАМ ОҚУШЫ SAGINOV UNIVERSITY-ДІҢ АШЫҚ ЕСІК КҮНІНЕ ҚАТЫСТЫ


20 қазанда Нұра ауданының орталығындағы Болат Әбдікәрімов атындағы Нұра көпсалалы колледжінде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Open Day ашық есік күні өтті. Іс-шараны университеттің Маркетинг және кәсіптік бағдар беру жұмысы бөлімі ұйымдастырды. Кездесуге аудан мектептерінің 100-ден астам жоғары сынып оқушысы қатысып, университеттің білім беру мүмкіндіктерімен, мамандықтарымен және студенттік өмірімен танысты.

Іс-шараға Маркетинг және кәсіптік бағдар беру жұмысы бөлімінің мамандары, Өнеркәсіптік көлік кафедрасының оқытушысы Диас Бейсенбаев және Металлургия және жаңа материалдар кафедрасының инженері Еркебұлан Нартбай қатысты.

Ашық есік күні барысында талапкерлерге университеттің білім беру бағдарламалары, жоғары оқу орнына түсу тәртібі, болашақ мамандықты таңдау және білім алу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сондай-ақ университеттің материалдық-техникалық базасы, оқу үдерісі мен студенттерге жасалған жағдайлар таныстырылды.

Кездесу аясында университеттің білім беру бағыттары мен мүмкіндіктерін таныстыруға арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрме барысында оқушылар түрлі мамандықтардың ерекшеліктерімен танысып, өз қызығушылықтарына сәйкес кәсіби бағыттарды анықтауға мүмкіндік алды.

Іс-шараның мәдени бағдарламасы концерттік бөліммен жалғасты. Jas Orda жастар қауымдастығының белсенділері өнер көрсетіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар қауымдастық өкілдері ұйымның қызметі, негізгі бағыттары және студент жастарға арналған мүмкіндіктер туралы айтып берді.

Айта кетейік, 2025–2026 оқу жылында Нұра ауданы мектептерінің бірқатар түлегі Saginov University студенті атанды. Олардың қатарында Қарой жалпы білім беретін мектебінің, Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектебінің, М. Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектептің, Мүтәш Сүлейменов атындағы тірек мектептің, Міржақып Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің және басқа да аудан мектептерінің түлектері бар.

Қазіргі уақытта аталған түлектер грант және ақылы негізде B064 – «Механика және металл өңдеу», B126 – «Көлік құрылысы», B075 – «Кадастр және жерге орналастыру» және B065 – «Көлік, көліктік техника және технологиялар» білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатыр.

Нұра ауданында ұйымдастырылған Open Day іс-шарасы мектеп оқушыларының кәсіби бағдарын қалыптастыруға, жоғары техникалық білімге деген қызығушылығын арттыруға және университет пен аудан мектептері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Saginov University алдағы уақытта да өңір мектептерімен байланысты нығайтып, талапкерлерге болашақ мамандықты саналы таңдауға көмектесетін кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырады.

Без рубрики