Мемлекеттік рәміздер күніне орай Қарағанды қаласындағы Ту тұғыр алаңында салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Елдік пен бірліктің нышанына айналған бұл шараға Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы қатысып, мемлекеттік рәміздерге деген зор құрметтерін білдірді.
Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтары мен ұлттық мақтанышы. Олар халқымыздың бай тарихын, мәдени мұрасын және жарқын болашаққа деген ұмтылысын айшықтайды.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – Отанға деген сүйіспеншіліктің, азаматтық жауапкершілік пен патриоттық рухтың жарқын көрінісі.
Сондай-ақ мереке қарсаңында Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің қызметкерлері марапатталды. Атап айтқанда, «Көлік техникасы және логистикалық жүйелер» кафедрасының ассистент-профессоры, PhD докторы Сәрсембеков Бауыржан Қобыланұлы және Маркетинг және кәсіптік бағдар беру жұмысы бөлімінің жетекшісі Ибрайбеков Жанболат Ғабитұлы жоғары марапатқа ие болды.
Әріптестерімізді лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз! Еңбектеріңіз әрдайым еленіп, кәсіби қызметтеріңіз табысты болып, жаңа жетістіктер мен толағай белестерге жете берулеріңізге тілектеспіз!










