2026 жылғы 9 қарашада Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне академиялық сапармен Гонконг Қытай университетінің (The Chinese University of Hong Kong, CUHK) өкілі, Ph.D. ғылыми дәрежесінің иегері, профессор Fan Sing HUNG келді. Аталған университет QS World University Rankings 2026 халықаралық рейтингінде әлем бойынша 32-орынға ие.
Академиялық сапар барысында профессор Fan Sing HUNG пен университеттің Басқарма төрағасы – ректор Сауле Сагинтаева арасында кездесу өтті. Кездесуге сондай-ақ Басқарма мүшесі – стратегиялық даму жөніндегі проректор Тимур Канапьянов, шет тілдер кафедрасының меңгерушісі Дамира Джантасова және Халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық орталығы басшысының міндетін атқарушы Сабина Рахимбаева қатысты.
Кездесу барысында тараптар халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытудың, ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтудың, академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін кеңейтудің және жоғары білім беру саласындағы озық тәжірибемен алмасудың перспективаларын талқылады.
Профессор Fan Sing HUNG – білім беруді басқару және білім беру саясаты саласындағы танымал маман. Оның ғылыми-зерттеу және оқытушылық қызметте мол тәжірибесі бар. Академиялық мансабы Гонконг Қытай университетімен тығыз байланысты. Атап айтқанда, 1998–2008 жылдары аталған университеттің Білім беру факультетінде білім беруді басқару және саясат департаментінің ассистент-профессоры қызметін атқарған. 2015–2018 жылдары университетпен толық емес жұмыс күні негізінде оқытушы әрі ғылыми жетекші ретінде ынтымақтастығын жалғастырған. Ал 2018–2026 жылдары құрметті шақырылған доцент (Adjunct Assistant Professor (Honorary)) лауазымында қызмет еткен.
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында профессор Fan Sing HUNG Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің шет тілдер кафедрасында ғылыми-білім беру қызметін жүзеге асырады.
Профессордың академиялық сапары университеттің халықаралық байланыстарын нығайтуға, шетелдік ғалымдармен кәсіби және ғылыми өзара іс-қимылды кеңейтуге, сондай-ақ білім беру үдерісіне озық халықаралық тәжірибені енгізуге бағытталған. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының бірінің өкілімен академиялық өзара іс-қимыл орнату халықаралық академиялық ұтқырлықты дамытуға, бірлескен ғылыми-білім беру бастамаларын жүзеге асыруға және университеттің халықаралық ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге тың мүмкіндіктер ашады.