Кернебаевтар отбасы «Мерейлі отбасы – 2026» байқауының қалалық кезеңінде жеңімпаз атанды


Saginov Technical University-дің «Кәсіпорын экономикасы және менеджменті» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Айдын Сапарұлы Кернебаевтың отбасы «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсының қалалық кезеңінде жеңімпаз атанды.

Кернебаевтар әулеті – сыйластықты, білімді, еңбекті және ұлттық құндылықтарды ардақ тұтқан өнегелі отбасы. Айдын Сапарұлы мен жұбайы Айжан бес бала тәрбиелеп отыр. Үш буын өкілін бір шаңыраққа біріктірген отбасының басты ұстанымы – саналы, білімді әрі елжанды ұрпақ тәрбиелеу.

Отбасы балалары білім, ғылым, спорт және шығармашылық бағыттарында жетістіктерге жетіп келеді. Тұңғышы Альтаир Кернебаев – биология пәнінен облыстық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Білім-инновация лицейінің «Алтын белгі» иегері әрі Nazarbayev University студенті. Қызы Алиана Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алып, қалалық олимпиаданың жүлдегері атанса, Ханшайым биыл жоғары нәтижемен Назарбаев Зияткерлік мектебіне қабылданды.

Кернебаевтар отбасы үшін өзара құрмет, еңбекқорлық, білімге ұмтылу және балалардың бойына адамгершілік пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіру – басты құндылықтардың бірі.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өнегелі отбасыларды дәріптеуге, отбасы институтын нығайтуға және ұрпақ тәрбиесіндегі игі тәжірибені кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды жоба.

Университет ұжымы Айдын Сапарұлы мен Кернебаевтар отбасын лайықты жеңісімен шын жүректен құттықтайды! Алдағы облыстық кезеңде сәттілік пен жаңа жетістіктер тілейміз!

Без рубрики