«Кемел кәсіпкер» іскерлік ойыны ҚарМТУ-да


2017 жылдың 24 мамыры күні  Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде республикалық «Кемел Кәсіпкер» жарысы аясында бизнес-кейстерді шешу бойынша бірінші іскери ойын өтті. Чемпионаттың басты ұйымдастырушылары студенттік ортада жастар кәсіпкерлігінің экожүйесін құру жобасы төңірегінде жұмыс жүргізіп жатқан Еуразиялық Топ холдингі, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер Палатасы және Алматы Менеджмент Университетінің  (AlmaU) Кәсіпкерлік пен инновацияларды дамыту орталығы.  

Бұл жобаға қатысушыларды іріктеу Қазақстанның бірнеше қаласындағы университеттерде: Қостанай, Ақтөбе, Павлодар және Қарағанды облыстарында болды. Чемпионаттың Қарағандыдағы кезеңі Е.А. Букетов атындағы ҚарМУ, ҚММУ және біздің білім ордамызда өтті.

Бизнес-ойындардың мақсаты – кәсіпкерлікке икемі бар жастарды анықтап, олардың осы саладағы білімі мен біліктілігін дамыту, жастар арасындағы тиімді өмірлік стратегия және экономика мен кәсіпкерлік потенциалды қалыптастыру, көпшілікке тарату; әрбір аймақтардағы университеттердегі студенттер арасындағы байланысты нығайту (менеджерлер және маркетологтарды техникалық мамандарымен біріктіру); жобаларды таныстыру және студенттердің топтық жұмыс істеу қабілетін арттыру.

«Кемел кәсіпкер» бизнес-кейс чемпионаты барысында жас кәсіпкерлер бір бизнес-кейстің шешу тәсілдері ұсынылып, жас кәсіпкерлерді іскерлікке баулитын тапсырмалар берілді. Берілген тапсырмаларды шешу үшін студенттер 4-5 адамнан топтасты.  Топ мүшелеріне бизнес-кейс шешімін  таныстыру үшін  Power Point бағдарламасын қолдануға,  жылдамырақ әрі ыңғайлы болу үшін қатысушыларға ноутбукпен және т.б. техникалық құрылғылармен  жұмыс істеуге рұқсат етілді. Топтар кезекпен elevator pitch  (5 минут) форматында өз шешімдерін әділ-қазылар алқасына таныстырды.

Сайыскерлердің еңбегін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер Палатасының бизнес-тренері  Мұратбек Мұқатаев,  Қарағанды қаласының бизнес өкілдерінің бірі, «Еуразиялық топ» ЖШС-нің Сәулет, Бизнесті ұйымдастыру және трансформациялау директориаты бөлімінің басшысы Әсел Тасқынбаева, ERG ҒЗИО-ның инновациялар жөніндегі сараптамашысы  Кәрімжан Алдабергенов, ҚарМТУ-дың МП ФЭМ кафедрасының профессоры, э.ғ.д. Гаухар Көшебаева және    «Отан» отандық сағат брендінің негізін қалаушы Арман Тосканбаев бағалады.

«Сайыстардағы ең бастысы – жеңіс емес.  Ең негізгісі –  жастардың өзара пікірталас, мәселенің шешім іздеу нәтижесінде алған тәжірибесі.  Өйткені қазіргі түлектердің қиналатын тұстары да өз идеялары мен жобаларын жүзеге асырудың нақты бизнес тәсілдерін білмеуі болып табылады. Сондықтан да бұл жобаның оларды кәсіпкерлікке бейімдеудің, бизнес-жоспарлар мен болжам жасай  білудің сырларын үйретудегі мәні зор, —  дейді ERG өкілі  Әсел Тасқынбава.

ҚарМТУ-дан чемпионатқа 9 команда қатысты.  Сайыс қорытындысы бойынша университетіміздің «Өндірістік химия және экология» кафедрасының «Менделеевцы» тобы жеңімпаз атанып, AlmaU лагеріне баратын жолдаманы ұтып алды.  Бұл лагерьде студенттер 10 күн бойы отандық бизнес-тренерлерден дәріс алып, өз  идеяларын өмірге  енгізуге мүмкіндік беретін бизнес-жобалар жасамақ.

«Біз бұл жарыста өзіміздің мамандығымызға байланысты білімімізді  әрі  кәсіпкерлік қабілетімізді сынап көрдік. Ұйымдастырушылар ұсынған бизнес-кейстегі барлық тапсырмаларды толықтай орындай отырып, әртүрлі техникалық  мамандық бойынша білім алатын жастардың да өздерін кәсіпкерлікте сынап көруге болатынына көз жеткіздік.  Лагерде де кәсіпкерлікке қатысты алған білімімізді тереңдетеміз деген үмітіміз зор»,- деді жеңімпаз команда мүшесі Шерхан Молдабай.

Без рубрики