Көкпар нағыз ер жігіттердің ойыны


     Сәуір айының 9-15 күндері арасында Тараз қаласында Ұлттық спорт  түрлерінен жастар арасында көкпардан Қазақстан Республикасының ХІІІ чемпионаты өтті. Онда Тау-кен факультетінің 1-курс студенті Ернұр Камелхан І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Бектөбе ауылындағы атшабарда биылғы жылғы елішілік жастар чемпионатына 12 команда қатысты.  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитеті ұйымдастырған көкпардан ХІІІ, аударыспақтан ХІІІ, теңге ілуден ХІ, жамбы атудан ІІІ мәрте ұйымдастырылған бұл чемпионатқа 1996-1999 жылы туған жастарымыз қатысып, апта бойы бәсеке көрігін қыздырды.

–    Мен көкпарға 14 жасымнан бері қатысамын. Ең алғашқы жаттықтырушым да, осы спортқа әуестенуге себепші болған әкем. Қалада туып-өссем де, шабандоздыққа, ат спортына деген қызығушылығымның арқасында аудандық, облыстық және республикалық жарыстарға қатысып, спорт шебері атағына ие болдым. Ұлтымыздың бұл спорттық ойындары жігіттерден үлкен ептілікті, алғырлықты, күштілік пен төзімділік пен батылдықты талап етеді.  Алға қойған жоспарларым көп. Қазір мамыр айының 9-10 күндері өтетін Жамбыл облыстық ат спорты клубының директоры Н. Момыновты еске алу турниріне дайындық үстіндемін,- дейді жас спортшы Ернұр Камелхан.

Без рубрики