ИСФ-81 түлектерінен туған университетке тағылымды тарту


Ұлы Жеңіс күні қарсаңында тағылымды әрі ерекше игі іс жүзеге асты. Азаматтар Аман Аюпов пен Дәуір Қабаевтың бастамасын қолдай отырып, Қарағанды политехникалық институтының ИСФ-81 түлектері өздері білім алған қасиетті оқу ордасының ауласына ағаш отырғызды.

Бұл бастама — жай ғана тал егу емес, туған білім ордасына деген құрметтің, өткен күндерге деген сағыныштың және келер ұрпаққа қалдырылған тағылымды мұраның белгісі.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық даналығын жүрекке түйген түлектер үшін бұл күн ерекше мәнге ие болды. Студенттік шақтың жарқын естеліктері қалған білім ордасына қайта оралып, оның көркеюіне өз үлестерін қосу — әрқайсысына ерекше әсер сыйлады.

Бүгін отырғызылған әрбір көшет уақыт өте тамырын тереңге жайып, саялы бәйтерекке айналары сөзсіз. Ол ИСФ-81 түлектерінің достығы мен бірлігінің, туған оқу орнына деген ыстық ықыласының символы болып қала бермек.

Ертеңгі ұрпақ осы ағаштардың саясында жүріп, алдыңғы буынның ізгі ісін еске алса — бұл үлкен мақтаныш әрі ортақ қуаныш.

Осындай сауапты іске ұйытқы болып, ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғыс білдіреміз. Егілген талдар жайқалып өсіп, мәуелі бәйтерекке айналсын!

 

 

Без рубрики