Ирактың Middle Technical University университеті Қарағанды техникалық университетімен ынтымақтастық орнатуға ниетті


Ирактың Middle Technical University университеті Қарағанды техникалық университетімен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Ирак Республикасының Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі, саяси ғылымдар бойынша PhD Джабер Нажм Абдуллах аль-Тамими бастаған елшілер делегациясымен кездесуде айтылды.

Кездесудің негізгі мақсаты — Ирак Республикасының Елшілігі мен Қарағанды техникалық университеті арасындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылау. Тараптар тікелей байланыстар орнату, академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ халықаралық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастырды.

Ирак тарапы елдегі жоғары білім беру жүйесі мен техникалық университеттердің даму бағыттары туралы айтып, Қарағанды техникалық университетімен академиялық және ғылыми байланыс орнатуға ұсыныс білдірді.

Кездесуде Қарағанды техникалық университетінің білім беру бағдарламалары, ғылыми әлеуеті және халықаралық мүмкіндіктері таныстырылды. Тимур Қанапьянов университеттің негізгі бағыттары мен серіктестік мүмкіндіктері туралы айтып өтті.

Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Сәуле Сагинтаева Ирак университеттерімен ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдірді. Сонымен қатар болашақта қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосу мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынды.

Бұдан бөлек, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуы, бірлескен ғылыми жобалар және Ирактың басқа да жоғары оқу орындарымен байланыс орнату мүмкіндіктері сөз болды.

Кездесуге университет атынан проректорлар Бекболат Нусупбеков, Тимур Қанапьянов, Али Михеев және Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Сабина Рахимбаева қатысты.

Ирак тарапы университет өкілдерін сәуір айында Иракта өтетін халықаралық ғылыми форумға шақырды. Ал Middle Technical University басшылығының Қазақстанға қыркүйек–қазан айларында келуі жоспарланып отыр. Өз кезегінде, Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сәуле Сагинтаева ирактық әріптестерді қазан айында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастыратын Стратегиялық әріптестер форумына шақыруды ұсынды. Сондай-ақ ирактық әріптестерді Қарағанды техникалық университетіне арнайы келуге шақырды.

Екіжақты қызығушылық бар. Ендігі мәселе — осы алғашқы ұсынысты нақты академиялық жобаларға айналдыру.

Без рубрики