Астанада өтіп жатқан III Стратегиялық серіктестер форумының екінші күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен пленарлық сессия өтті. Жиынды Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жүргізді.
Форумға Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Сагинтаева Сауле Саветовна және Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Қанапиянов Тимур Ерболатұлы қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне, жоғары білім мен ғылым жүйесіндегі ауқымды реформаларға, халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанның технологиялық әлеуетін арттыруға ерекше назар аударды.
Бүгінде Қазақстанда халықаралық стратегиялық серіктестік бойынша 40 келісім жүзеге асырылып, 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты. Елімізде білім алатын шетелдік студенттердің саны 41 мыңға жетті. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Президент Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыруды стратегиялық мақсат ретінде айқындап, оның дамуының келесі кезеңінде бірлескен ғылыми-зерттеу зертханаларын ашуға, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге және серпінді технологиялық жобаларды жүзеге асыруға басымдық берілетінін атап өтті.
Сонымен қатар 18 қазақстандық университеттің QS World University Rankings 2026 рейтингіне, 10 жоғары оқу орнының Times Higher Education 2027 рейтингіне енгені еліміздің жоғары білім беру жүйесінің халықаралық аренадағы жетістіктерінің көрсеткіші болып табылады.
Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық бағдарламасын жүзеге асыру, инженерияны, цифрландыруды, энергетиканы, табиғи ресурстарды игеру технологияларын және жасанды интеллектіні дамыту бағыттарында жоғары білікті мамандар даярлаудың маңыздылығына тоқталды.
Аталған басымдықтар Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің стратегиялық даму бағыттарымен тікелей сабақтасады.
Университет инженерлік кадрлар даярлау, халықаралық қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамыту, қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу, инновациялық технологияларды өндіріске енгізу және индустриялық серіктестікті нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Мемлекет басшысы атап өткен халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру міндеттері форумның алғашқы күнінде университетіміздің қол жеткізген келісімдерінен де көрініс тапты.
Атап айтқанда, Нанкин пошта және телекоммуникациялар университетімен «Жасанды интеллект» бағыты бойынша қос дипломды магистрлік бағдарламаны жүзеге асыру, сондай-ақ Цзинань кәсіби колледжі және SINOTRUK компаниясымен бірлесіп «Бань Мо» институтын құру жөніндегі бастамалар инженерлік білім мен өндірістік интеграцияны дамытуға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.
Форумның тағы бір маңызды оқиғасы – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен БҰҰ Университеті арасында Алматы қаласында өңірлік зерттеу хабын ашу туралы келісім. Бұл еліміздің ғылыми әлеуетінің халықаралық деңгейде мойындалуының және жаһандық ғылыми кеңістікке интеграциялануының маңызды көрсеткіші.
Мемлекет басшысы атап өткендей, елдің технологиялық дербестікке қол жеткізуі білім мен ғылымның өркендеуіне тікелей байланысты.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті халықаралық академиялық серіктестікті кеңейту, жаңа буын инженерлерін даярлау, ғылыми-инновациялық әлеуетті арттыру және заманауи технологиялық шешімдерді әзірлеу арқылы еліміздің стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруға өз үлесін қосуды жалғастырады.
«Ғылым – тұтас адамзаттың игілігіне қызмет ететін теңдессіз құндылық. Сондықтан білімде шекара жоқ, болмауға да тиіс».
[/su_custom_gallery]










