Saginov Technical University-де Энергетика, автоматика және телебайланыс факультетінің 2026 жылғы түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Биыл факультетті 211 бакалавр мен 23 магистрант тәмамдап, барлығы 234 жас маман жоғары білім туралы диплом алды.
Салтанатты жиынға түлектердің ата-аналары, жақындары, оқытушылар мен университет өкілдері қатысты. Бірнеше жыл бойы инженерлік білім алып, теорияны тәжірибемен ұштастырған жас түлектер үшін бұл күн – студенттік кезеңнің қорытындыланып, жаңа кәсіби өмірдің басталған сәті болды.
Энергетика, автоматика және телебайланыс факультетінің тарихы 1957 жылдан бастау алады. Осы уақыт ішінде факультет энергетика, өнеркәсіптік автоматтандыру, электр энергетикасы, жылу энергетикасы және телекоммуникация салаларына көптеген білікті инженер даярлады. Бүгінде факультет құрамындағы «Энергетика», «Өндірістік үдерістерді автоматтандыру» және «Технологиялар және байланыс жүйелері» кафедралары заманауи технологиялық талаптарға сай мамандар қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Биылғы түлектер B059 «Коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар», B062 «Электротехника және электроэнергетика», B063 «Электротехника және автоматтандыру» және B162 «Жылуэнергетика» білім беру топтары бойынша даярланды. Олар радиотехника, электроника және телекоммуникациялар, желілік технологиялар мен байланыс жүйелері, электроэнергетика, автоматтандыру және басқару, кіріктірілген цифрлық басқару жүйелері, сондай-ақ жылуэнергетика бағыттары бойынша кәсіби білім алды.
Бұл салалар бүгінде ел экономикасының технологиялық дамуымен тікелей байланысты. Түлектер алдағы уақытта энергетикалық кәсіпорындарда, жылу электр орталықтарында, өндірістік кешендерде, автоматтандырылған басқару жүйелерінде, байланыс және телекоммуникация компанияларында, инженерлік-жобалау ұйымдарында еңбек етіп, Қазақстанның индустриялық және цифрлық дамуына үлес қосады.
Салтанатты рәсімді ашқан Басқарма мүшесі – Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Али Джаванширович Мехтиев жас мамандарды маңызды белеспен құттықтап, алған білімдерін кәсіби ортада нәтижелі қолдануға, ізденістен тоқтамауға және ел игілігі жолында адал қызмет етуге шақырды.
Рәсім барысында магистратура бағдарламаларын сәтті аяқтаған түлектерге дипломдарды Али Джаванширович Мехтиев табыстады. Сондай-ақ оқу үлгерімімен ерекшеленген, дипломды үздік аяқтаған студенттерге дипломдар мен Құрмет грамоталары берілді. Бұдан бөлек, қоғамдық, еріктілік және университет өміріне белсене араласқан студенттердің еңбегі де назардан тыс қалмады.
Салтанатты шарада әскери кафедраның запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша толық әскери даярлықтан өтіп, белгіленген емтихандарын сәтті тапсырған факультеттің 31 түлегіне «запастағы лейтенант» әскери атағы берілді.
Ал бакалавриат бағдарламаларын аяқтаған өзге түлектерге жоғары білім туралы дипломдарды Энергетика, автоматика және телебайланыс факультетінің деканы Феликс Назымұлы Булатбаев табыстады. Әр топтың түлектері өз кураторларымен бірге сахнаға көтеріліп, ұстаздарымен естелік суретке түсті.
Бұл күн – тек диплом алу рәсімі ғана емес, университет қабырғасында қалыптасқан білім, достық, ізденіс пен жауапкершіліктің жаңа белеске ұласқан сәті болды.
Құрметті түлектер!
Қолдарыңызға алған диплом – еңбектеріңіздің, табандылықтарыңыздың және кәсіби дамуға деген ұмтылыстарыңыздың нәтижесі. Алдағы уақытта энергетика, автоматтандыру және телебайланыс салаларының білікті мамандары ретінде жаңа жобаларға бастамашы болып, өндіріс пен ғылымның дамуына тың серпін бересіздер деп сенеміз.
Дипломдарыңыз құтты болсын! Ақ жол, жас инженерлер!



















