5 сәуір күні Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «EXPO-2017. Қарағанды бренді: дәстүрден жаңашылдыққа» атты кездесу кеші өтті. Кеш Астана қаласындағы EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің өткізілуі Қазақстанның алға қойған маңызды міндеттерінің бірі екендігін насихаттауды мақсат еткен болатын.
Кешке Қарағандының ЖОО-нан зерттеуші-ғалымдары Мехтиев А.Д. (ҚарМТУ), Юров В.М. және Ескендіров А.Н. (ҚарМУ) қатысты. Қонақтар «ЭКСПО-2017» көрмесіне ұсынған ғылыми жобалары бойынша таныстырылым көрсетіп, құрылғыларды тәжірибеде қолдану жайлы әңгімеледі.
Іс-шара басында жиналған көпшілік ЭКСПО тарихымен және халықаралық басты жобалар туралы жасаған Теміртау тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Т.В. Хмелеваның баяндамасын тыңдады. Ол өткен ғасырдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан осынау көрменің маңызын түсіндіріп, бүгінге дейін оған қойылған экспонаттар туралы мәлімет берді. Олардың біздің өміріміз бен Жер шарының тарихына әкелген жаңалықтарын айтып берді.
Экспо туралы таныстырылымнан кейін сөз кезегі ғалымдарға беріліп, олар өз жобаларын көрсетіп қана қоймай, «Болашақ энергиясы» ұғымы жайлы өз пайымдауларымен бөлісті.
«Болашақ энергиясы – деді, Әли Дживанширұлы Мехтиев – бұл қазіргі заманғы нағыз тәуелсіз мемлекетті қалыптыстыруға себеп болатын ең маңызды элемент. Өйткені кез келген арзан энергия көзіне ие мемлекет ешкімге кіріптар болмайды. Ал өзге елдерден энергия тұтынушылардың жұмсар шығыны орасан зор. Сондай-ақ болашақ энергиясы туралы айтқанда оны экологиямен тығыз байланыста қарастыру керек. Жиырма-отыз жылдан кейін біз қалай өмір сүреміз деген сұрақтардың жауабын бүгіннен бастап іздеуіміз және табуымыз қажет»,- деп пайымын ортаға салдым.
Кеш соңында қатысушылар Теміртау тарихи-өлкетану мұражайы ұсынған экспонаттарды жақыннан көріп, тамашалау мүмкіндігіне ие болды.