Saginov Technical University-де Металлургия және машина жасау факультетінің 2026 жылғы түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Биыл факультетті 209 бакалавр мен 12 магистрант тәмамдап, жалпы 221 жас маман кәсіби жолға қадам басты.
Металлургия және машина жасау факультеті университеттегі ірі инженерлік факультеттердің бірі саналады. Мұнда 1000-нан астам студент 6В07204 «Металлургия», 6В07103 «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы», 6В07104 «Машина жасау», 6В07105 «Машина жасаудағы цифрлық технологиялар», 6В07501 «Стандарттау және сертификаттау (салалар бойынша)», 6В07111 «Технологиялық машиналар және жабдықтар», 6В06106 «IT-инжиниринг», 6В07205 «Пайдалы қазбаларды байыту», 6В05101 «Биотехнология» және 6В07110 «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» білім беру бағдарламалары бойынша білім алады.
Факультет түлектері алдағы уақытта металлургия кәсіпорындарында, машина жасау зауыттарында, тау-кен және байыту кешендерінде, ғылыми-зерттеу орталықтары мен өндірістік ұйымдарда еңбек етіп, еліміздің инженерлік және өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға өз үлестерін қосады.
Түлектерді Басқарма мүшесі – Әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Абай Қалықов құттықтап, жас мамандарға таңдаған кәсібіне адал болып, алған білімін ел игілігіне бағыттауды тіледі. Ол магистратура бағдарламаларын сәтті аяқтаған жас мамандар мен оқуын үздік аяқтаған түлектерге диплом табыстап, ғылыми-зерттеу, қоғамдық және спорттық жұмыстарда белсенділік танытқан студенттерді Ректор атынан марапаттады.
Ал бакалавриат бағдарламаларын тәмәмдаған өзге түлектерге дипломдарын Металлургия және машина жасау факультетінің деканы Астра Макашева табыстады.
Сонымен қатар әскери кафедрада запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтан өтіп, белгіленген емтихандарын сәтті тапсырған факультеттің 13 түлегіне «запастағы лейтенант» әскери атағы берілді.
Құрметті түлектер! Дипломдарыңыз құтты болсын! Металлургия мен машина жасау саласының білікті мамандары атанып, өндіріс пен ғылымның дамуына тың серпін әкелулеріңізге тілектеспіз. Ақ жол, жас инженерлер!



















