Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Сәуле Сагинтаева IQanat High School of Burabay мектебінің 2026 жылғы түлектеріне аттестат табыстау салтанатты рәсіміне қатысып, оларға ақ жол тіледі.
Құттықтау сөзінде Сәуле Сагинтаева техникалық және инженерлік мамандықтардың маңызына тоқталып:
«Бүгінде техникалық және инженерлік мамандықтардың маңызы артып келеді. Жастардың осы бағытта сапалы білім алып, еліміздің технологиялық дамуына өз үлесін қосуы аса маңызды», – деп атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан инженерлердің, конструкторлардың және бағдарламашылардың еліне айналуы тиіс. Осы міндетті жүзеге асыру жолында 70 жылдан астам тарихы бар Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 100 мыңнан астам жоғары білікті маман даярлап, еліміздің индустриялық және ғылыми дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Дарынды жастарды қолдау университеттің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта университет Басқармасының шешімімен IQanat High School of Burabay мектебінің түлектеріне Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде білім алуға арналған 5 Ректор гранты бөлінді.
IQanat 2026 жылғы түлектерін үлкен өмірге қадам басуымен құттықтай отырып, алдағы оқу жолында сәттілік пен биік жетістіктер тілейміз. Университетіміздің есігі білімге ұмтылған, болашағын инженерлік саламен байланыстырғысы келетін жастар үшін әрдайым ашық.














