Болашақ бүгіннен басталады


«Президенттің ел болашағы туралы айтқан әрбір сөзі әрқайсымызға қатысты» – деді Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы Қайрат Нұркенов Елбасының үндеуі мен Жолдауына үн қосу мақсатында университетімізде 17 ақпанда өткен студенттік конференцияда.  Университетішілік аталмыш жиын еліміздің болашағына алаң білдіретін әрбір азамат үшін маңызды сұрақтарды қамтыды. Мемлекетіміздегі саяси және діни ахуал, әлеуметтік реформалар және адами әлеуетті өсіру  мәселелерін жергілікті билік өкілдері мен ЖОО-ның жас элитасы бірлесе отырып талқылау мүмкіндіне ие болды.

Конференцияны ашқан  Кайрат Нуркенов сөзінің басында: «ҚарМТУ-дың ел экономикасы мен ғылымын дамытудағы еңбегі елеулі. Бұл, әсіресе,  техникалық және инженер мамандықтарын дайындауда, мемлекеттің индустриалдық бағдарламаларын дамытуда айқын көрініс беруде», -дей отыра, «ел игілігі үшін осылай еңбек ету тек бір білім ордасының ғана емес, әрбір қазақстандықтың мақсатына айналуы тиіс» — деді. Сондай-ақ әкімдік қызметкері  Елбасы Жолдауының жекелеген тармақтарына тоқталып: «Әлем күнделікті өзгеріс үстінде. Әрине, бұдан біршама уақыт бұрын қоғамдық дамудың жылдамдығы мұндай тез емес еді, ал қазір адамдардың талабы, қажеттіліктері күнделіктісін күнде жылдам өзгеруде. Өздеріңіз көріп отырғандай, жыл сайын IT–технология саласында адам сенгісіз жаңалықтар ашылуда. Мұндай технологиялық серпілістер бізді қазір еріксіз жаңғыруға мәжбүрлеп отыр. Елбасы тарапынан жолданған жаңа даму бағдарын өз басым еліміздің басқа мемлекеттерден кері қалмай, көштің соңы емес, алды  болу жолындағы шешім деп білемін. Бізге Президент мемлекетімізді дамыған отыз елдің тізіміне енгізу жоспарын ұсынып отыр. Менің ойымша, бұл межеге жету әбден мүмкін»,- деп тұжырымдады.

Ал қалалық мәслихат депутаты Владимира Шнел баяндамасын елдегі адам капиталын жоғалтпай, жаңғырту қажеттілігіне арнады.  Ол «Арселор Миталл» компаниясының осы саладағы тәжірибесінен мысал келтіре отырып,  жиналған жұртшылыққа, әсіресе, жастарға облысымыздың және республикамыздың  өндірістік саласына  білек сыбана араласыңыздар» — деген тілек білдірді.

ҚарМТУ-дың әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Серік Балшикеев болса: «Президенттің өкілеттілігінің белгілі бөлігін Парламентке беру – бұл мемлекетті саяси басқару саласындағы өте ұтымды қадам, яғни, экономикалық және саяси жағынан талай белестерді адым-адым еңсерген еліміз үшін билік өкілеттілігін  тиімді ұйымдастыру Президентіміздің республикамыздағы ашық қоғам жүйесін дамытудағы маңызды шешімі деп білемін,- деді.

Шақырылған қонақтар баяндамаларын тәмамдаған соң, университеттің белсенді студенттері мінберде сөз алып, Елбасының халыққа жолдаған құжаттарының тармақтарына қатысты өз пікірлері мен тұжырым-түсініктері жайлы баяндамалар жасады.

ҚарМТУ баспасөз қызметі

Без рубрики