1 қазанда Saginov Technical University-де Қазақстан Республикасының Жоғары білім қызметкерлері күніне арналған салтанатты кеш өтті. Мерекелік шарада білім мен ғылымның дамуына, мамандар даярлауға және университет қызметіне үлес қосып жүрген мамандарға құрмет көрсетілді.
Кеш «Арқа сазы» ансамблінің музыкалық композициясымен ашылды.
Университет ұжымын кәсіби мерекемен ректор және Басқарма мүшелері атынан әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректор Абай Қобыландыұлы Қалықов құттықтады. Ол университет жетістіктерінің негізінде профессор-оқытушылар құрамымен қатар, оқу, ғылым және инфрақұрылымдық үдерістерді қамтамасыз ететін барлық қызметкерлердің еңбегі жатқанын атап өтті.
«Бүгін біз айтып отырған әрбір жетістікте осы залда отырған әрқайсыңыздың үлестеріңіз бар. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз және адал еңбектеріңіз – университетіміздің басты тірегі», – деді Абай Қобыландыұлы.
Салтанатты кеш барысында бірқатар қызметкерлер Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің марапаттарына ие болды.
Министрліктің Құрмет грамотасымен Қазақстан көпсалалы қайта құру және даму институтының директоры, техника ғылымдарының докторы Жмагул Смагулович Нугужинов, Металлургия және машина жасау факультетінің деканы, техника ғылымдарының докторы, профессор Астра Мундуковна Макашева және Заң қызметінің басшысы Гульнара Советовна Аязбаева марапатталды.
Алғыс хат «Құрылыс материалдары және технологиялары» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Максим Александрович Ханға және Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің аға инспекторы Оксана Валерьевна Якуповаға табысталды.
Мерекелік бағдарлама студенттердің шығармашылық өнерімен жалғасты. Көрермендер бірінші курс студенттерінің «Гәкку» биін, «Махаббат» жастар ұйымының әнін, «Шамшырақ» актерлік және шешендік өнер үйірмесінің қойылымын, SJ Dance заманауи би клубының өнерін және BELLO дуэтінің орындауын тамашалады.
Сондай-ақ Маркетинг және PR департаменті әзірлеген шығармашылық бейнеқұттықтау ұсынылды.
Мерекелік кеш білім мен ғылым саласындағы кәсіби еңбекті дәріптеп, университеттің дамуына үлес қосып жүрген оқытушыларға, ғалымдарға және қызметкерлерге көрсетілген құрметтің көрінісіне айналды.