Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті беделді шәкіртақы иегері атанды!


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 3-курс студенті Қазақстандағы ең беделді академиялық қолдаулардың бірі — көрнекті ғалым, геолог Шахмардан Есенов атындағы шәкіртақы бағдарламасының жеңімпаздары қатарына енді.

Аталған бағдарлама Shakhmardan Yessenov Foundation тарапынан 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қордың негізгі миссиясы – Қазақстанның зияткерлік әлеуетін дамыту, жас зерттеушілер мен инженерлік бағыттағы студенттерді қолдау және ғылымға қызығушылықты арттыру.

Биылғы байқау аясында қор құрылтайшысы Ғалымжан Есенов еліміздің 30-дан астам жоғары оқу орнынан іріктелген 20 үздік студентке шәкіртақы тағайындады. Жеңімпаздар бір жыл бойы ай сайын 70 000 теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болады.

Үздіктер қатарында университеттің Маркшейдерлік іс және геодезия кафедрасының «Цифрлық аэрофототүсірілім» мамандығы, ЦАФ-23-1 тобының студенті Хайбышев Дарын да бар.

Ол республика бойынша үздік студенттердің қатарына еніп, өз білімін, біліктілігін және ғылыми әлеуетін дәлелдеді.

Шәкіртақы бағдарламасы техникалық, жаратылыстану, ІТ және медициналық бағыттарда оқитын студенттерге арналған және жастардың ғылыми дамуына жол ашатын маңызды бастамалардың бірі болып саналады.

Құттықтаймыз!

Бұл жетістік — университет студенттерінің жоғары деңгейдегі білім мен бәсекеге қабілеттілігін айқын көрсететін маңызды нәтиже.

Без рубрики