Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі ауқымды жоспарлар айқын көрініс тапты. Бүгінде біз осы бағыттағы ең ірі бағдарламалардың бірін бірлесе жүзеге асырудамыз. Қазақстандық студенттер Coursera платформасында 350 мыңға жуық сертификат алды, оның ішінде 2304 – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті студенттерінің жетістігі. Оған қоса, ондаған курс қазақ тіліне бейімделіп, жоғары оқу орындары онлайн-курстарды академиялық бағдарламаларға тиімді енгізіп отыр. Әсіресе, еліміздің барлық университеттерінің білім алушылары үшін жетекші цифрлық ресурстардың қолжетімді болғаны ерекше атап өтуге тұрарлық. Бүгінде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті де жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлауға және оны білім, ғылым мен кәсіпкерлікке кең көлемде енгізуге бағытталған ұлттық AI-Sana жобасын жүзеге асыруға белсене қатысып отыр. Сонымен бірге, Қазақстан биылғы Coursera жыл сайынғы конференциясында халықаралық деңгейде танылды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке халықаралық Learning Hero сыйлығы берілді. Бұл – еліміздің білім беру саласына берілген жоғары бағалардың бірі!