Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне Директорлар кеңесінің Төрағасы Әлихан Байменов пен Директорлар кеңесінің мүшесі Ерлан Оспанов арнайы сапармен келді.


Университеттің стратегиялық даму мәселелері қаралған Директорлар кеңесінің отырысына қатыспас бұрын, қонақтар ЖОО-ның ғылыми-білім беру және зерттеу инфрақұрылымымен танысты. Сапар барысында өнеркәсіптің қолданбалы міндеттерін шешуге, сұранысқа ие кадрларды даярлауға және технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға бағдарланған университеттің заманауи ғылыми және оқу-өндірістік базасы таныстырылды.

Қонақтар «Энергетикадағы цифрлық технологиялар», «Нанотехнологиялар және металлургия», «Көліктегі цифрлық технологиялар» және «Тау-кен ісіндегі цифрлық технологиялар» ғылыми-білім беру кешендерін, Жұмысшы мамандықтар орталығын, «Минералды шикізат ресурстарын кешенді игеру» сынақ зертханасын, «Тау-кен шахтасының жабдықтары» оқу полигонын, Халықаралық материалтану орталығын, «Метан энергетикасы» зертханасын, Геосканерлеу орталығын, сондай-ақ Schneider Electric және Mitsubishi Electric компанияларының авторландырылған оқу орталықтарын аралады.

Ғылыми ұжымдардың индустриялық серіктестермен өзара іс-қимылына, сондай-ақ экономиканың нақты секторының міндеттеріне бағдарланған қолданбалы ғылыми зерттеулерді орындау мүмкіндіктеріне баса назар аударылды. Сонымен қатар қонақтар Business Skills Park алаңында болып, студенттік стартаптармен танысты. Бүгінде университетте толыққанды кәсіпкерлік орта қалыптасуда: жобалардың бір бөлігі тұрақты сатылым кезеңіне шықса, енді бірі MVP қалыптастыру сатысында және олардың өсу әлеуеті жоғары.

Әлихан Мұхамедияұлының өзіне дәріс берген оқытушыларымен және курстастарымен кездесуі ерекше әсерлі сәт болды. Университет түлегі ретінде ол бүгінде өзінің alma mater-ін дамытуды жалғастырып жүрген жандармен шынайы ықыласпен әңгімелесті. Футбол жанкүйері ретінде Әлихан Мұхамедияұлы университеттің футзал командасына да қызығушылық танытып, оларға алдағы уақытта толағай табыс тіледі.

Кездесу соңында Әлихан Мұхамедияұлы университет кітапханасының қорына кітаптар мен ЖОО-ның мәдени-білім беру ортасының ажырамас бөлігіне айналатын құнды сыйлық – «тоғызқұмалақ» ұлттық ойынын сыйға тартты.

Без рубрики