ӘБІЛҚАС САҒЫНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ҚАЗТРАНСОЙЛ» АҚ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ


2026 жылғы 6 қазанда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің бас ғимаратында  «ҚазТрансОйл» АҚ Қарағанды мұнай құбыры басқармасының өкілдерімен кәсіби бағдар беру кездесуі өтті.

Кездесу персоналды оқыту және дамыту бағыты бойынша «Самұрықнама: 20 игі іс» іс-шаралар жоспарын іске асыру аясындағы «Кәсіби бағдар беру күні» шарасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Кездесудің мақсаты – университеттің бітіруші курс білім алушыларын «ҚазТрансОйл» АҚ-ның қызметімен, мұнай тасымалдау саласының ерекшеліктерімен, сұранысқа ие инженерлік-техникалық мамандықтармен таныстыру, сондай-ақ жас мамандар үшін жұмысқа орналасу және кәсіби даму мүмкіндіктері туралы ақпарат беру.

Іс-шара барысында компания өкілдері «ҚазТрансОйл» АҚ-ның негізгі қызмет бағыттары, мұнай тасымалдау саласындағы еңбек ерекшеліктері, жас мамандарға қойылатын талаптар, жұмысқа орналасу шарттары және кәсіби әрі мансаптық өсу перспективалары туралы баяндады.

Кездесуге «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру», «Электр энергетикасы», «Мұнай-газ ісі», «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» білім беру бағдарламаларының бітіруші курс білім алушылары қатысты.

Білім алушылар компания өкілдеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мұнай тасымалдау саласындағы жұмыс ерекшеліктері, мамандарға қойылатын талаптар, жұмысқа орналасу және мансаптық өсу мүмкіндіктері жөнінде қажетті ақпарат алды.

Кездесуде университет атынан Мансап және жұмыспен қамту орталығының жетекшісі Тусупова Гульзат Алиевна сөз сөйлеп, білім алушыларға кәсіби бағдар беру және жұмысқа орналасуға қолдау көрсету бағыттары туралы ақпарат берді.

Кәсіби бағдар беру бағытындағы мұндай кездесулер университет пен жұмыс беруші ұйымдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға, білім алушылардың еңбек нарығындағы заманауи талаптар туралы түсінігін кеңейтуге және болашақ кәсіби бағытын айқындауға мүмкіндік береді.

Без рубрики