Жаңа тілді меңгеру міндетті түрде сағаттап сөз жаттап, кітаптан бас алмауды талап ете ме? Ал жаңа сөздер мен шағын тапсырмалар әлеуметтік желі мен интернетті қарап отырған кезде-ақ алдыңыздан шығып отырса ше?
Дәл осы идеяны «Bir Soz» командасы жүзеге асырып, Digital KZ хакатонында І орын иеленді. Хакатон Қарағанды қаласында 18–21 маусым аралығында өтіп, қазақ тілін цифрлық ортада дамытуға және IT мүмкіндіктер арқылы оның қолданыс аясын кеңейтуге арналды.
Жеңімпаз жобаның авторы – «Ақпараттық-есептеу жүйелері» кафедрасының ИС-23-4 тобының студенті Иван Луков. Жобаның жетекшісі – Виктория Николаевна Головачева.
Bir Soz – браузерге арналған кеңейтім. Ол интернетті күнделікті пайдалану кезінде қолданушыға қазақша сөздер мен қысқа тапсырмаларды ұсынып отырады. Осылайша тілді арнайы сабаққа бөлінген уақытта ғана емес, күнделікті цифрлық ортада да біртіндеп үйренуге болады.
Хакатон барысында команда жобаның алғашқы жұмыс нұсқасын әзірлеп, оны пайдаланушылар арасында сынақтан өткізді. Алдағы уақытта платформа қолданушының қызығушылығына қарай қазақ тіліндегі контентті ұсыну мүмкіндігімен де толықтырылады.
Байқау қорытындысы бойынша команда І орын алып, 1 000 000 теңге көлеміндегі бас жүлдеге ие болды.
Иван Луковты, «Bir Soz» командасын және жоба жетекшісі Виктория Николаевна Головачеваны жеңісімен құттықтаймыз! Жобаға сәттілік, жаңа идеялар және үлкен жетістіктер тілейміз!


