23 қыркүйекте Saginov Technical University-де Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған кездесу өтті. Университетке Цзинань кәсіптік колледжі мен Қытай–ШЫҰ ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастық орталығының өкілдері келді.
Кездесудің өзегіне айналған бастама – Saginov Technical University базасында Бань Мо институтын құру. Бұл жоба екі елдің білім беру тәжірибесін, ғылыми ізденістерін және инженерлік әлеуетін тоғыстыратын жаңа алаңға айналуы мүмкін.
Қытайлық делегациямен өткен әңгіме ресми келіссөз шеңберімен ғана шектелген жоқ. Тараптар болашақ институттың қандай бағытта жұмыс істейтіні, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту, ғылыми зерттеулер мен технологиялық жобаларды жүзеге асыру, мамандар даярлауда өндіріс пен білім арасындағы байланысты күшейту мәселелеріне назар аударды.
Университет басшылығы атынан кездесуге Басқарма Төрағасы – Ректордың міндетін атқарушы Али Мехтиев, Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бекболат Нусупбеков, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық, ғылым, факультеттер мен бейінді кафедралардың өкілдері қатысты.
Келіссөздерден кейін қонақтар Saginov Technical University-дің оқу және ғылыми инфрақұрылымымен танысты. Заманауи зертханалар мен инженерлік алаңдарды аралау барысында делегацияға университеттің ғылыми-техникалық мүмкіндіктері және болашақ Бань Мо институтының қызметін дамытуға негіз бола алатын бағыттар таныстырылды.
Осындай кездесулер халықаралық серіктестіктің аясын кеңейтіп қана қоймай, білім, ғылым және технология тоғысындағы жаңа идеялардың жүзеге асуына жол ашады. Ал Бань Мо институтын құру бастамасы Қазақстан мен Қытай университеттері арасындағы байланысты нақты жобалармен бекітетін маңызды қадамдардың біріне айналмақ.