ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН ТЕХНОЛОГИЯЛАР: SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY ҒАЛЫМЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ӘЗІРЛЕМЕЛЕРІ


Ғимараттың техникалық жағдайы күрделі деңгейге жетпей тұрып, апат қаупінің алдын алуға бола ма? Заманауи технологиялар қалалық инфрақұрылымның қауіпсіздігін арттырып, ғимараттар мен құрылыстарды пайдаланудың сенімділігі мен тиімділігін қалай қамтамасыз етеді?

Бүгінде қазақстандық ғалымдар осы сауалдарға жауап іздеп, ғылыми идеяларды күнделікті өмірде нақты қолдануға болатын технологиялық шешімдерге айналдыру жолында еңбек етіп келеді.

«Saginov Technical University ғалымдарын білесіз бе?» айдары аясында сіздерді Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің зерттеушісі, PhD докторы Нұрбол Қалиасқаровпен таныстырамыз. Ғалымның ғылыми қызметі заманауи телекоммуникациялық технологиялар мен интеллектуалды мониторинг жүйелерін дамытуға бағытталған.

Оның ғылыми ізденістерінің негізгі бағыттарының бірі – Wi-Fi сымсыз байланыс технологиялары арқылы ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жай-күйін қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін инновациялық жүйені әзірлеу.

Бұл технология ықтимал қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға, құрылыс конструкцияларының сенімділігін арттыруға және төтенше жағдайлардың алдын алуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Әзірлеменің негізінде деректерді жоғары жылдамдықпен жеткізуге арналған авторлық алгоритмдер мен бірегей бағдарламалық-аппараттық шешімдерді біріктіретін, энергияны үнемдейтін үлестірілген сымсыз мониторинг жүйесі жатыр. Соның нәтижесінде дербес жұмыс істейтін құрылғылар арасында энергияны оңтайлы тұтына отырып, ақпарат алмасудың жоғары тиімділігі қамтамасыз етіледі.

Эксперименттік зерттеулер барысында ғалым әріптестерімен бірлесіп, апат қаупі бар құрылыс конструкцияларын қашықтан бақылау кезінде деректердің берілу жылдамдығын бағалауға мүмкіндік беретін байланыс арнасының компьютерлік моделін әзірледі. Сонымен қатар аппараттық кешен жұмысының оңтайлы параметрлері анықталды.

Қазіргі уақытта Нұрбол Қалиасқаров 2025–2027 жылдарға арналған «Ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жай-күйін сымсыз Wi-Fi арқылы бақылаудың үйлестірілген жүйесін әзірлеу» ғылыми жобасына жетекшілік етеді.

Сонымен қатар ол 2025–2027 жылдары жүзеге асырылып жатқан «Талшықты-оптикалық өткізгіш арқылы энергия мен ақпараттық параметрлерді бір мезгілде берудің жетілдірілген жүйесін әзірлеу» атты келешегі зор ғылыми жобаға қатысуда.

Бұл зерттеулердің практикалық маңызы ғылыми зертханалар аясымен ғана шектелмейді. Әзірленіп жатқан технологиялар қалалық инфрақұрылым қауіпсіздігін күшейтуге, апат қаупін азайтуға, техникалық қызмет көрсету шығындарын қысқартуға және климаттық әрі табиғи факторлардың әсері жағдайында нысандардың тұрақты әрі сенімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Алдағы уақытта зерттеу нәтижелері заттар интернеті, интеллектуалды сенсорлық жүйелер және құрылыс технологиялары саласындағы жаңа шешімдерді дамытуға негіз бола алады. Сондай-ақ олар технологиялық стартаптардың пайда болуына, телекоммуникация саласының өркендеуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына алғышарт қалыптастырады.

Жүргізіліп жатқан зерттеулердің ғылыми маңызын беделді ғылыми басылымдарда жарияланған еңбектер мен зияткерлік қызмет нәтижелері де айғақтайды.

2026 жылы MDPI баспасының халықаралық *Sensors* ғылыми журналында ғалымның «Distributed Wi-Fi-Based System for Monitoring the Condition of Building Structures» атты ғылыми мақаласы жарық көрді. Еңбек Wi-Fi технологиясына негізделген құрылыс конструкцияларының жай-күйін бақылауға арналған үлестірілген мониторинг жүйесін әзірлеуге арналған. Аталған журнал Scopus және Web of Science халықаралық дерекқорларына енгізілген. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, оның көрсеткіштері тиісінше 87-процентильге және Q1 бірінші квартиліне сәйкес келеді.

Зерттеу нәтижелері Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдар тізбесіне енген «М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің хабаршысы» журналының екінші санында жарияланған «Құрылыс нысандарының техникалық жағдайын бақылауға арналған сымсыз таратылған мониторинг жүйесін әзірлеу» атты ғылыми мақалада да көрініс тапты.

Ғылыми жұмыстың тағы бір маңызды нәтижесі – 2026 жылғы 9 қаңтарда «Ғимараттардың температурасын қашықтан бақылаудың сымсыз жүйесі» атты пайдалы модельге №11652 патенттің алынуы.

Бұдан бөлек, 2026 жылғы 10 маусымда құрылыс нысандарының техникалық жай-күйін бақылауға арналған үлестірілген сымсыз мониторинг жүйесін әзірлеу бойынша №74520 авторлық куәлік алынды.

Ғалымның ғылыми ізденістері қашықтан бақылауға арналған үлестірілген сымсыз желілерді жобалау мәселелерін қамтитын «Қашықтықтан бақылауға арналған үлестірілген сымсыз желілерді жобалау» атты қазақ тіліндегі монографияда да жалғасын тапты.

Зерттеу қызметінің маңызды бағыттарының бірі – Қазақстанның жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық орнату. Гранттық жоба аясында Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне және Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне ғылыми іссапарлар ұйымдастырылды.

Бұл сапарлар тәжірибе алмасуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ ғалымдармен, оқытушылармен және сала мамандарымен кәсіби кеңес өткізуге мүмкіндік берді.

Ауқымды ғылыми жобалар мен озық технологиялық әзірлемелердің артында ғалымның өзі білім алған университетімен тығыз байланысты көпжылдық кәсіби еңбек жолы жатыр.

Нұрбол Балтабаевич – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша түлегі.

Ол университеттегі еңбек жолын 2012 жылы бастаған. Осы уақыт аралығында кафедра инженері мен оқытушысынан кафедра меңгерушісі және декан орынбасары қызметіне дейін көтеріліп, педагогикалық қызметті ғылыми зерттеулермен ұштастыра білді.

Бүгінде ғалым заманауи инженерлік шешімдерді әзірлеумен қатар, жинақтаған білімі мен тәжірибесін болашақ мамандарға жеткізіп келеді.

Оның оқытушылық қызметі электрондық технологиялар мен микроэлектроника, компьютерлік желілер, электр байланысы теориясы, байланыс жүйелері, коммутация және маршруттау, сондай-ақ техникалық жүйелерді модельдеу мен пайдалану бағыттарын қамтиды.

Ғалым үшін ғылым мен білім – бірін-бірі толықтыратын, өзара тығыз байланысты екі сала. Ғылыми ізденіс нәтижесінде қалыптасқан жаңа білім білікті мамандар даярлаудың негізіне айналса, тәжірибеде туындайтын міндеттер тың жаңалықтар мен жаңа зерттеулерге жол ашады.

Нұрбол Қалиасқаровтың ғылыми жолы іргелі білім, үздіксіз ізденіс пен жаңашылдыққа ұмтылыс қоғамның өзекті қажеттіліктеріне жауап беретін тиімді технологиялық шешімдер жасауға мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Осындай ғалымдар Saginov Technical University-дің ғылыми әлеуетін арттырып, отандық инженерлік мектептің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Олардың еңбегі заманауи технологиялардың қалыптасқан үдерістерді өзгертіп қана қоймай, адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де қызмет ете алатынын дәлелдейді.

Ал сіз Saginov Technical University ғалымдарын білесіз бе? Қазақстанның технологиялық болашағын қалыптастыруға үлес қосып жүрген, идеялары мен жетістіктері арқылы ғылым көкжиегін кеңейтіп келе жатқан университет ғалымдарымен таныстыруды жалғастырамыз.

Без рубрики