24 қыркүйекте Saginov Technical University бас ғимаратында азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бағыты бойынша өрт кезіндегі эвакуациялық оқу-жаттығу өткізілді.
Оқу-жаттығу барысында бірінші қабат дәлізінде өрт дабылының іске қосылуы, қатты түтіннің пайда болуы және шартты өрт жағдайы модельденді. Дабыл белгісі берілгеннен кейін студенттер, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер ғимараттан белгіленген тәртіппен эвакуацияланды. Қауіпсіздік үшін ғимарат маңында арнайы периметр ұйымдастырылып, эвакуацияланушылардың қозғалыс бағыты реттелді.
Мұндай жаттығулар төтенше жағдайда абдырамай, қауіпсіздік талаптарына сай нақты әрі жедел әрекет ету дағдыларын қалыптастыру үшін маңызды. Сонымен қатар автоматты өрт дабылы, өрт туралы дауыстық хабарлау жүйесі және ішкі өртке қарсы су құбырының жұмысқа қабілеттілігі тексерілді.
Қатысушыларға өрт сөндіргіштерді дұрыс пайдалану тәртібі көрсетіліп, шартты түрде зардап шеккен адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері тәжірибе жүзінде таныстырылды. Бұл – әрбір студент пен қызметкер білуі тиіс қарапайым әрі өмірлік маңызы бар дағдылар.
Оқу-жаттығуды Азаматтық қорғаныс бастығының орынбасары – Инфрақұрылымды дамыту дирекциясының директоры Гульназ Нургалиевна Мусина басқарып, іс-шараның өту барысын үйлестірді.
Жаттығуға азаматтық қорғау құралымдарының 18 мүшесі, шамамен 500 студент, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамы мен құрылымдық бөлімшелердің 150 қызметкері қатысты. Есеп қорытындысы бойынша жоспарланған іс-қимылдар толық орындалып, қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізілді.
Қорытындысында Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бекболат Рақышұлы Нүсіпбеков іс-шараға атсалысқан баршаға алғыс айтып, қауіпсіздік талаптарын білу мен оларды іс жүзінде қолдана білудің маңызын атап өтті.