Астанада Өңірлік экологиялық саммит -2026 өтіп жатыр


22-24 сәуір аралығында Астана қаласында RES 2026 өңірлік экологиялық саммиті өтті. Аталған іс-шара алғаш рет елордада ұйымдастырылып, Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларын, халықаралық ұйымдар, бизнес, ғылым және азаматтық қоғам өкілдерін қоса алғанда 1500-ге жуық делегатты біріктірді. Саммит БҰҰ бастамасымен өткізіліп, өңірдегі өзекті экологиялық мәселелер бойынша, оның ішінде климаттың өзгеруі, су ресурстарын басқару, «жасыл» экономика мен циркулярлық тәсілдерді дамыту бағытында келісілген шешімдер әзірлеуге арналды.

Саммит бағдарламасы аясында мемлекет басшыларының қатысуымен пленарлық отырыстар, климаттық трансформация мәселелері бойынша тақырыптық диалогтар, сондай-ақ әртүрлі елдердің компаниялары қатысқан экологиялық технологиялар көрмесі өткізілді.

Пленарлық отырысқа Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Али Мехтиев қатысты.

Қарағанды облысының көрме стендінде университеттің экологиялық шешімдерді дамытуға және көміртек ізін азайтуға бағытталған жобалары ұсынылды. Атап айтқанда, ЭкоХаб (ECO Network) жобасы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, пластикті қайта өңдеуге және екінші шикізаттан өнімдер шығаруға бағытталған инклюзивті алаң ретінде таныстырылды. Жоба жетекшісі ЭкоХаб басшысы Айгуль Мурат. Сонымен қатар көмір шахталарындағы метан шығарындыларын бақылау және болжауға арналған ТАИРГ-М жүйесі ұсынылды. Жоба жетекшісі «Метан энергетикасы» инженерлік зертханасының жетекшісі Денис Ахматнуров.

RES 2026 саммитіне қатысу өңірдің экологиялық инновациялар саласындағы әлеуетін көрсетуге, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты даму мен «жасыл» технологияларды ілгерілетуге бағытталған бастамаларды дамытуға мүмкіндік берді.

Без рубрики