Астанада «Қазақстан–Қытай білім беру ынтымақтастығы: жаңа форматтар мен мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстел өтті


2026 жылғы 20 мамырда Астана қаласында Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының академиялық қауымдастық өкілдерін біріктірген «Қазақстан–Қытай білім беру ынтымақтастығы: жаңа форматтар мен мүмкіндіктер» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараны «Бірлесе Даму» қоғамдық қоры қазақстандық және қытайлық жоғары оқу орындарының, сондай-ақ білім беру және цифрлық технологиялар саласындағы халықаралық сарапшылардың қатысуымен ұйымдастырды.

Аталған іс-шараға Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма мүшесі – Әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректор Калыков Абай Кобландиевич және «Пайдалы қазбалар кен орындарын игеру» кафедрасының меңгерушісі Имашев Асқар Жанболатович қатысты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты білім беру ынтымақтастығын дамыту перспективаларын, жоғары білім беру жүйесіне инновациялық тәсілдерді енгізуді, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу бастамаларын кеңейтуді талқылау болды.

Іс-шара аясында қатысушылар келесі өзекті мәселелерді талқылады:

  • студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту;
  • бірлескен білім беру бағдарламалары мен қос диплом бағдарламаларын жүзеге асыру;
  • білім беру үдерісіне жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу;
  • халықаралық зерттеу зертханаларын құру;
  • IT, Data Science және инженерлік бағыттар бойынша мамандар даярлау.

Қазақстан тарапынан еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарының басшылары мен мамандары қатысты. Қатысушылар қатарында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Ualikhanov University, National AI Research University, Әлихан Бөкейхан университеті, «Abai IT-Valley» технокластері, Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті, Тұран университеті, Maqsut Narikbayev University және басқа да ұйымдар болды.

Қытай тарапынан дөңгелек үстелге ҚХР университеттері мен ғылыми қауымдастығының өкілдері, атап айтқанда Zhang Ge, Jincheng Zhang, Shouping Zhu, Yang Zhang және Bo Hu қатысты. Қазақстан тарапынан жоғары оқу орындарының басшылары мен мамандары, академиялық қауымдастық және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында қазақстандық жоғары оқу орындарын халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялау, ғылыми алмасуды дамыту және екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қатысушылар Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға және өңірдің инновациялық экожүйесін дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды одан әрі кеңейтуге қызығушылық танытты.

Дөңгелек үстелдің өтуі Қазақстан мен Қытайдың білім беру мекемелері арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін қалыптастыруға арналған маңызды алаңға айналды.

 

Без рубрики