ҚарТУ докторанты ERG New Leader 3.0 жобалар байқауында топ жарды


Астана қаласында өткен ERG тобының жас кадрлар резерві-  ERG New Leader  жобалар байқауы өз мәресіне жетті. Бұл ірі додада еліміздің түкпір-түкпірінен  келген жас ғалымдар өздерінің тың идеяларын ұсынып, нағыз жаңашылдықты дәлелдеуге тырысты. Осындай тартысты сында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің  «Нанотехнологиялар және металлургия» кафедрасының 1-курс докторанты Бекарыс Салқынбаев өзгелерден оза шауып, жүлделі ІІ-орынды иеленді.

Бекарыс байқауға «Ақтөбе ферроқорытпа зауытының экструзия учаскесінде брэкстерді кептіруге арналған пеш салу» атты жобасын ұсынып, сарапшылардан жоғары бағасын алды. Өндірістік тиімділікті арттыруға бағытталған бұл жоба өзектілігімен де, техникалық жаңашылдылығымен де ерекшеленді. 150 үміткердің арасынан іріктеліп, бірнеше кезеңнен өтіп, финалға жеткен 33 қатысушының қатарында болды. Бір жылға созылған дайындық кезеңінде финалистер кәсіби оқыту модульдерінен өтіп, өндірістік бағыттағы жобаларын әзірледі.

Бекарыстың бұл жетістігі университет  ғылымының нақты өндіріс сұраныстарымен үндесуінің айқын көрінісі. Жас ғалымның ізденісіне бағыт-бағдар берген ғылыми жетекшісі — техника ғылымдарының докторы, профессор Аристотель Исағұлов.

ERG сынды алпауыт өндірістік компания ұйымдастырған ауқымды байқауда жүлдегер атану – болашақ көшбасшылар қатарына қосылудың мықты қадамы. Дарынды докторант Бекарыс Салқынбаевты  жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз!

Без рубрики